Қысқы спорттағы бапкерлер есеп берді

Қысқы спорттағы бапкерлер есеп берді
Қысқы спорт

Спортты дамыту дирекциясында қысқы олимпиадалық спорт түрлерінен Қазақстан ұлттық құрама бас жаттықтырушыларының есеп беруі аяқталды, деп хабарлайды Bassport.kz.

Жиынның екінші күнінде шаңғымен тұғырдан секіру, фристайл (акробатика), шаңғы жарысы, сноуборд, тау шаңғысы және шаңғы қоссайысы өкілдерінің баяндамаларын ҚР Мәдениет және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов, төраға орынбасары Айгүл Бектенова, Спортты дамыту дирекциясының директоры Оралбай Жақсымбетов және директордың орынбасары Азамат Имашев тыңдады.    

 Сонымен қатар, Спорттық медицина және оңалту орталығының басшысы А. Нұрматов, Қысқы спорт түрлерінен олимпиадалық даярлау орталығының директоры А. Төлендин, Дене шынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығының жетекшісі Ж. Имаяқов онлайн байланысқа шықты. 

Мемлекет спортты дамытуға және халықаралық аренада бәсекелестік таныта алатын спортшыларды даярлауға қыруар қаржы жұмсайды. Шетелден кеңесші-жаттықтырушылар шақырамыз. Оларды бапкерлер мен федерациялар өздері ұсынады. Жалақылары аз емес. Келісім-шарт аяқталғаннан кейін үйлеріне қайтады. Бұл жерде сол мамандарды халықаралық жарыстарда 1-2 медаль алу үшін ғана шақырдық па деген сұрақ пайда болады. Олар өздерінен кейін қандай мұра қалдырды? Қандай жүйе, әдістеме енгізді? Біздің бапкерлер олардан не үйренді? Сұрақ көп, жауап аз. Осы мәселелерді бірігіп шешуіміз керек, - деді Ербол Мырзабосынов. 

  Екі күнге жалғасқан жиын кезінде көптеген шикі тұстардың беті ашылды. Резерв, жасөспірімдер мен жастар құрамаларының жағдайы, мамандандырылған спорттық ғимараттардың аздығы, ал болған жағдайдың өзінде, олардың дұрыс мақсатта қолданылмай жатқаны да сөзге тиек болды. Федерациялардың жұмысына қатысты да мәселелер қозғалды. 

Есеп берудің қорытындысы бойынша отандық спорттағы түйткілді мәселелерді жасырмай, біріге, ашық әңгіме түрінде ортаға салып шешу керек екені айқындалды.