Дене шынықтыру мен спортты дамытудың тұжырымдамасы бекітілді
ҚР Дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді, деп хабарлайды BasSport.kz.
Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтың айтуынша, онда бұқаралық спортқа, оның ішінде балалар мен жастар арасында, азаматтардың барлық санаттары үшін дене шынықтыру және спортпен шұғылданудың жалпыға қолжетімділігіне, дене шынықтыруға, әуесқой және кәсіптік спортқа тең көзқарасқа, жоғары жетістіктер спортын және бейімделгіш спортты дамытуға ден қойылған.
2029 жылға дейін жыл сайын еліміз бойынша 20 мыңнан астам спорттық-бұқаралық іс-шара өткізуге ниеттіміз. Ал ауылдық жерлерде осы бағытты дамыту үшін ауылдағы спорт нұсқаушыларының саны 4 мыңға дейін ұлғаяды. Мектептер мен жоғары оқу орындарының жанынан тұрақты негізде жұмыс істейтін спорт клубтары мен командалар құрылады, - деді Оралов.
Сонымен қатар ерекше қажеттіліктері бар адамдар, мемлекеттік қызметшілер, медицина қызметкерлері, БАҚ өкілдері, қаржы құрылымдары және т.б. арасында спартакиадалар ұйымдастырылады.
Министр жаттықтырушылар үшін ынталандыру төлемдері қарастырылғанын да тілге тиек етті.
Жаттықтырушы-оқытушыларға спортшылардың жоғары нәтижелері және оларды спорттық дайындықтың келесі кезеңіне бергені үшін ынталандыру төлемдері енгізіледі, бұл жас таланттардың алға жылжуына көмектеседі, ал мамандарға қосымша мотивация береді, - делінген мәліметте.