"Алматтың күресін барлығы жаттап алды": Нұрбақыт Теңізбаев Азия чемпионатына қатысты пікірін айтты

Күрес

Грек-рим күресінен әлем чемпионатының қола, Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері, 2006 жылғы Азия чемпионы Нұрбақыт Теңізбаев Астанада өтіп жатқан сары құрлық сынындағы қазақ балуандарының нәтижесіне қатысты өз ойын айтты, деп хабарлайды Bassport.kz тілшісі. 

Еліміздегі үздік балуандардың бірі финалға жолдама алған спортшылардың аяқ алысын жоғары бағалады. 

"Азия чемпионатының финалына шыққан балуандарымызға ризамын. Кеше Нұрсұлтан Тұрсынов финалға дейін әдемі күресті. Ал ақтық сында белсендірек болып, төрттағанға жұмыс істеуі керек еді. Сол жағынан қате кеткен сияқты. Бүгін финалға жолдама алған екі спортшымыз да жақсы күрес көрсетіп жатыр. Диас Қален де, Ибрагим Магомадов та қарсыластарына айла қалдырған жоқ. Екі балуанымызға да тек сәттілік тілеймін", - деді Теңізбаев.

Сондай-ақ Нұрбақыт Теңізбаев бүгін жартылай финалда күресіп, жеңіліс тапқан Алмат Кебіспаевтан үлкен үміт күткенін жасырған жоқ. 

"Алматтан үміт күттім. Өте тәжірибелі балуанымыздың бірі. Алайда қарсыластарының бәрі қазір Кебіспаевты жаттап алды. Барлығы да Алматқа қарсы дайындалып келеді. Қарсыласы да өзбектің жас спортшысы екен. Жақсы күрес көрсетті. Алмат өз мүмкіндігін толық көрсете алмады деп ойлаймын. Күтіп қалды. Бастысы - Алматқа қазір тоқтап қалмау керек. Біраз уақыт халықаралық жарыстарға қатыспауы да әсер етуі мүмкін. Қазір 67 келі салмаққа қатысты сұрақтап қойылып жатыр. Мұның барлығын осы саланың басы-қасында жүрген маманлар, бапкерлер шешеді. Мен қазір мүлде басқа саладамын. Сондықтан ешкімді сынамаймын, барлық балуанға тілекшімін. Бәріне жанкүйермін", - деді ол.