Қазақ шахматшылары Гран-При турнирлерінде сәтті өнер көрсеткен бе?
Классикалық шахматтан Үндістанда өткен Гран-При бәсекесі Жансая Әбдімәлік пен Бибісара Асаубаеваның әлеуметтік желідегі қақтығысымен ерекшеленді. Жалпы, бұл қандай турнир? Гран-При турнирінің қандай ерекшелігі бар? Осы жөнінде Bassport.kz сайты зерттеп көрді.
Үндістанда өткен Гран-При кезеңінде Жансая Әбдімәлік ұйымдастырушыларға көңілі толмай, жарысқа қатысудан бас тартса, Бибісара Асаубаева 10 шахматшының арасынан 6 ұпаймен 2-орын алды. Бір қызығы, аталмыш бәсекеде бірінші (Александра Горячкина) және үшінші (Чжу Цзиньэр) орын алған шахматшыларда да 6 ұпайдан болды.
Гран-При турниріне кімдер қатысады?
Биылғы Гран-При сериясы жарыстарына әлемнің ең мықты 16 шахматшысы қатысып жатыр. Олар қалай анықталады? Жарысқа әлем чемпионы, 2021 жылғы әлем біріншілігінің жартылай финалына шыққан 4 шахматшы, осыдан екі жыл бұрын Швейцарияда өткен жарыста алғашқы төрттікке енген спортшылар, рейтингте көш бастап тұрған үш шахматшы қатысады. Одан бөлек, ұйымдастырушылар тағы 4 қатысушыны қатарға қосады.
Үндістандағы Гран-Приге Цзюй Вэньцзюнь (әлем чемпионы), Лэй Тинцзе (Grand Swiss турнирінің жеңімпазы), Хоу Ифань (әлемдік рейтингте 1-орын) қатысудан бас тартты. Олардың орнына рейтингісі жоғары Жансая Әбдімәлік (11-орын) жолдама алды. Ал Бибісара Асаубаева ұйымдастырушылардың шақыруымен алғаш рет қатысты.
Гран-При сериясы жарыстары қалай өтеді? Жарыстар 2022 жылдан 2023 жылдың мамырына дейін 4 мемлекетте өтіп, онда 12 шахматшы бақ сынайды.
Өткен жылы қыркүйекте өткен Гран-При Астанада (17-30 қыркүйек) өтті. Елордамызда өткен бәсекеде отандастарымыздың арасынан Жансая Әбдімәлік (5,5 ұпай) қана жақсы нәтиже көрсетті - 5-орын. Ал Бибісара Асаубаева 9-11 орындардан ғана көріне алды.
Ақпанда Мюнхенде өткен бәсекеде Жансая Әбдімәлік тағы да сол бесінші орынға тұрақтады - 5,5 ұпай. Германиядағы Гран-Приде ресейлік Александра Костенюк жеңіске жеткенін айта кетейік (7,5 ұпай).
Ал Нью-Делиде өткен кезекті Гран-При сериясы жарысындағы нәтижемен жоғарыда бөлістік. Енді шахматшы арулар Никосияда өтетін кезекті Гран-При жарысында бас қосады.
Әр Гран-При турнирінде шахматшылар ұпай олжалайды, 4 турнирдің қорытындысы бойынша 1-2 орын алған шахматшылар әлем чемпионы атағы үшін үміткерлер турниріне қатысады. Бірінші орын алған спортшы 160 ұпай алса, екінші орынға тұрақтаған шахматшыға 130 ұпай беріледі. Үздік үштікті түйіндеген 110 ұпайға ие болса, төрттікке енген спортшы 90 ұпай алады. Рейтинг төмендеген сайын спортшының ұпайынан 10 ұпай алынып отырады.
Гран-При сериясы үш жарысынан кейінгі рейтинг келесідей:
1. Чжу Цзиньэр — 308,5 ұпай
2. Александра Горячкина — 263,5 ұпай
3. Александра Костенюк — 250 ұпай…
6. Бибісара Асаубаева — 163,5 ұпай.
8. Жансая Әбдімәлік — 145 ұпай.
Қазақтың шахматшы қыздары бұған дейінгі Гран-Прилерде қалай өнер көрсеткен?
Қыздар арасындағы Гран-При турнирі осымен 6 мәрте өтіп жатыр. Спортшылар 2009 жылдан бері осы жарыста бас қосып, шеберлік байқасып келеді.
2013 жыл. Гүлісхан Нахбаева Қазақстаннан қыздар арасындағы Гран-При турниріне қатысқан алғашқы шахматшы. Ташкентте өткен Гран-При кезеңінде Гүлісхан Нахбаева үш қарсыласымен тең ойнап, соңғы орынға жайғасты. Жалпы рейтингте де 10 ұпаймен соңғы 19-20 орынды бөлісті.
2019 жыл. Жансая Әбдімәлік Гибралтарда өткен Гран-При кезеңінде топ жарған әзірге алғашқы және соңғы шахматшы. Лозаннадағы Гран-При кезеңінде 3-орын алды. Жалпы рейтингте 270 ұпаймен 4-орын алды. Динара Сәдуақасова да Гибралтарда өткен Гран-При кезеңіне қатысып, 20 ұпай (2 жеңіс, 4 тең, 5 жеңіліс) жинап, жалпы рейтингте 19-орынға табан тіреді.