Әбдімәлікке шүйліккен Асаубаева тағы мәлімдеме жасады

Әбдімәлікке шүйліккен Асаубаева тағы мәлімдеме жасады
Басқа

Нью-Делидегі турнир барысында Жансая Әбдімәлікпен сөзге келіп қалған қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева өзінің Instagram парақшасында мәлімдеме жасады, деп хабарлайды bassport.kz тілшісі. 

“Үндістанда өтәп жатқан Гран-Придегі жағдай бәрімізге де әсерін тигізгені соншалық, барлығымыз не істерімізді білмей отырмыз. 
Мүмкін, кеше қызбалыққа салынған болармын (ол үшін өзім де хейт сөз естідім). Салқынқандылықтан бір қадам алда жүретін эмоциялардың да кері әсері болады. Бұл бәрімізге сабақ болсын. 

Шахматшы бірнеше қадамды алдын ала ойлап қоюы керек, әсіресе өмірде. Өйткені, өмәрдегі қателіктердің құны шахмат тақтасындағы қателіктерден де биік.

Егер қате менен болса, оны мойындауға дайынмын. Бірақ дәл қазір Нью-Делидегі жағдай екінші мәрте қайталанбаса екен деймін. Жауапсыз ұйымдастырушылық, ұйқы қанбауы да, көз жасы да, белгісіздік те, жалған үмітті жағатын орындалмайтын уәде де. Тек жақсы өнер көрсетіп, жаңа рекордтар орнатып, елімдә танытып, жақындарымды қуантқым келеді. Осыған мүмкіндігіміз болады деп ойлаймын.

Қасиетті Рамазан айында ниеттің ақтығы маңызды. Көңілге тиетін сөздер айтсам, кешірім сұраймын. Ондай ниетім болған жоқ. 

Айта кетейік, осыдан екі бұрын Бибісара Асаубаева отандасы Жансая Әбдімәліктің кәсібилігін сынға алған. Ал Жансая болса, өз кезегінде Нью-Делидегі турнирге қатыспай, кетіп қалған еді.