Шәкірттерінің басқа бапкерді таңдағаны үшін жаттықтырушы балаларды ұрды
Батыс Қазақстан облысында балаларға қол көтерген бапкерге қатысты әкімшілік іс қозғалды, деп хабарлайды BasSport.kz.
Шыңғырлау ауданында спорт мектебі оқушыларының ата-аналары самбо жаттықтырушысы Қайсар Құсайыновтың екі баланы кеудесі мен басынан ұрғанын айтып шағымданды. Ол туралы бейнежазба желіге тарап кеткен.Бапкер балаларды басқа жаттықтырушыға ауысқаны үшін ұрып-соққан.
Жәбірленуші бірден полицияға арыз жазған. Ал жаттықтырушы олардың ата-аналарынан кешірім сұрады.
Кешке жұмыстан үйге келгенде баламның беті қып-қызыл екен. «Не болды?» деп сұрадым, бірақ ол жауап бермеді. Содан кейін қоймай, анық-қанығын сұрап білмек болғанымда, өзін жаттықтырушы ұрғанын айтты. Оның баламды ұруға қандай хақысы бар?! Ешкім баласын спортпен шұғылдануға мұғалім мазақ етсін деп бермейді. Полицияға арыз бергеннен кейін Қайсар үйге келіп, кешірім сұрады, – дейді баланың анасы Сәуле Уәлиахметова.
Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Нұрғожин оқиға 13 ақпан күні болғанын жеткізді. Оның сөзінше, 2013 жылғы балаға самай тұсы көгерген деген диагноз қойылған.
Сол күні жасөспірімнің анасы бапкерге қатысты шара қолдану жөнінде шағым түсірді. Балаға қол көтерген 1974 жылғы бапкер анықталды. 14 ақпан күні жасөспірімнің анасынан істі қарауды тоқтату және тараптардың келісімге келгені жөнінде тағы бір арыз түсті. Алайда Шыңғырлау ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері бапкерге қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 73-2-бабы 1-бөлігіне (Ұрып-соғу) сәйкес әкімшілік хаттама толтырды. Бұл бап бойынша айыпты деп танылған адам он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға жазаланады, - дейді полиция департаментінің ресми өкілі.