Қайта жаңғырған “Елімайдың” таныстырылымы өтті

Қайта жаңғырған “Елімайдың” таныстырылымы өтті
Футбол

Ақпан айының алғашқы аптасы «Елімай» футбол клубы үшін айтарлықтай жаңалықпен басталды. Қайта жаңғырған клуб өткен аптада ресми таныстырылымы өтті, деп хабарлайды BasSport.kz тілшісі. 

Айтулы жиынға елге танымал блогерлер, республикалық БАҚ өкілдері келіп қатысты.  “Елімай” ФК-ның елордадағы 20 күнге созылған оқу-жаттығу жиындарының қорытынды конференциясы екі кезеңнен тұрды. Алғашқы ресми жиында клубтың бас бапкері Самат Смақов бастаған команда мүшелері мен журналистер арасында ашық сұхбат өтті. 

 Бас бапкер тілшілердің сұрақтарына жауап беріп, клубтың алға қойған жоспарларымен бөлісті.

“Кезінде “Елімай” ФК Қазақстанның үш дүркін чемпионы болды. Сондықтан біз Қазақстан премьер-лигасына шығып, клубтың бұрынғы даңқын жандандыруды мақсат етіп қойдық”, - дейді клубтың бас бапкері Самат Смақов. 

Сондай-ақ, клуб ойыншыларының қатары танымал футболистермен толығып жатыр. Солардың бірі - Еркебұлан Нұрғалиев. 

“Менің қазір жасым 29-да. Маған “Ақсу” клубынан ұсыныс түскен. Ол ұсыныстан бас тартып, “Елімайды” таңдадым. Өйткені туған қаламның клубы әрқашан ыстық. Денсаулығым жеткенше осы клуб сапында ойнай беремін. Басқа клубқа ауысу жоспарда жоқ”, - деді ол.  

Сұхбат барысында келген қонақтарға клубтың жаңа медиа-офицері Елдар Ермеков таныстырылды. 

 “Елімай” ФК бас бапкері және оның құрамының бір ғана мақсаты бар, ол - осы маусымда сәтті өнер көрсетіп келесі жылы ҚПЛ-ге жолдама алу. Сол сияқты “Елімай” ФК медиа-командасының да өз мақсаты мен міндеті бар. Өз ісімізде алдыңғы қатарлы қазақстандық футбол клубтарының деңгейіне жету. Атап айтқанда, “Ақтөбе” ФК, “Қайрат” ФК, “Астана” ФК сияқты. Біз “Елімайдың” сүйікті жанкүйерлерімен барлық әлеуметтік желілерде байланыс орнатамыз. Нақтырақ айтсақ Youtube, Tik-Tok, Instagram, VK, Telegram. Осылардың ішінде Instagram-ға баса назар аударамыз”, - деді Елдар Ермеков. 

Айта кетейік, Қазақстан футболының отанына айналған клуб үш дүркін ел чемпионы болғаннан кейін араға бірнеше жыл салып қазақ футболына қайта оралды.