Қазақстандық мерген қыз Олимпиада чемпионын жеңіп, алтын медаль иеленді

Қазақстандық мерген қыз Олимпиада чемпионын жеңіп, алтын медаль иеленді
Басқа

Арина Алтухова нысана көздеуден Индонезия астанасы Джакартада өтіп жатқан әлем кубогінде топ жарды, деп хабарлайды Bassport.kz.

50 метр қашықтықтан кіші калиберлі мылтықтан оқ ату бәсекесінің шешуші финалында (golden match) Арина Токио Олимпиадасының жеңімпазы – швейцариялық Нина Кристенді жеңді.

19 жастағы алматылық спортшы алдымен әлемнің үздік 8 мергені арасынан финалға шығып, бас жүлденің тағдыры шешілген бәсекеде 28 жастағы тәжірибелі швейцариялық қарсыласының алдын орап кетті. Отандасымыз 16 ұпайды бірінші болып жинады.

«Финалға моральдық және психологиялық тұрғыдан дайын болып шықтым. Мен үшін бұл алғашқы финал емес, тәжірибем бар. Сонымен қатар, Олимпиада чемпионымен бәсекеге түскенім, маған қосымша күш-жігер берді. Жеңісімді анама арнаймын. Ол маған әрқашан демеу беріп, чемпион болатыныма сенімді болды. Маған қолдау көрсеткен жанкүйерлерге алғысым шексіз» - деді Арина Алтухова Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Жасөспірімдер арасында өнер көрсететін Арина Алтухова үшін бұл ересектер арасындағы алғашқы үлкен жетістік. Соңғы жылдары буын алмасу кезеңі өтіп жатқан отандық оқ ату спорты үшін Аринаның жеңісі – тамаша нәтиже.