Бүгін «Ордабасы» мен «Қайсар» Қазақстан кубогының жеңімпазын анықтайды
ҚФФ
Түркістан қаласында футболдан Қазақстан кубогының финалдық кездесуі өтеді, деп хабарлайды Bassport.kz Informsports.kz-ке сілтеме жасап.
Шешуші матчта Шымкенттің «Ордабасы» және Қызылорданың «Қайсар» командалары өзара мықтыны анықтайды.
Матч Түркістандағы «Түркістан Арена» стадионында сағат 16:00-де басталады. Ойынды Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.
«Ордабасы» финалға айқын фаворит ретінде шығады. Шымкенттік клуб биыл Қазақстан Премьер-лигасының чемпионы атанып, 30 кездесуде 68 ұпай жинады. Ал «Қайсар» 25 ұпаймен соңғы, 16-орынға тұрақтап, жоғары дивизионнан шығып қалды. Соған қарамастан, қызылордалық команда Қазақстан кубогында сенсациялық нәтижелер көрсетті. «Қайсар» турнир барысында алматылық «Қайратты» 2:1 есебімен жеңіп, ширек финалда «Тоболды» пенальти сериясында жарыс жолынан шығарды. Жартылай финалда елордалық «Жеңістен» басым түсті. Ал «Ордабасы» финалға дейінгі барлық бес кездесуінде жеңіске жетіп, қарсыластарының қақпасына 13 гол соқты.
Шымкенттік клуб үшін бұл кездесу ерекше маңызға ие. Егер «Ордабасы» жеңіске жетсе, бір маусымда Қазақстан чемпионаты мен ел кубогын қатар иеленіп, «алтын дубль» жасайды. Мұндай жетістікке соңғы рет 2016 жылы «Астана» қол жеткізген.
«Қайсар» үшін де финалдың маңызы зор. Қызылордалықтар кубокты жеңіп алған жағдайда, келесі маусымда УЕФА Конференциялар лигасының іріктеу кезеңіне қатысу мүмкіндігіне ие болады. Ол үшін клуб УЕФА-ның лицензиялық талаптарын орындауы тиіс.
Айта кетейік, екі команда да бұған дейін Қазақстан кубогын екі реттен жеңіп алған. «Ордабасы» 2011 және 2022 жылдары, ал «Қайсар» 1998 және 2019 жылдары топ жарған. Қос команда соңғы рет 11 қазанда Қызылордада кездесіп, «Ордабасы» 4:1 есебімен ірі жеңіске жеткен болатын.
Дегенмен кубок финалында кез келген нәтиже тіркелуі мүмкін. «Қайсар» биылғы турнирде фаворит саналатын бірнеше команданы жеңіп, өзінің тосынсый жасауға қабілетті екенін дәлелдеді.