Португалиядағы Гран-При: бүгін сегіз спортшымыз сынға түседі

Португалиядағы Гран-При: бүгін сегіз спортшымыз сынға түседі
Дзюдо

Бүгін дзюдодан Португалиядағы Гран-При кезеңінің екінші жарыс күні өтеді. Қазақстандық сегіз татами шебері ел намысын қорғайды, олардың бесеуі жарыс жолын екінші айналымнан бастайды, деп хабарлайды bassport.kz тілшісі. 

Гран-Придің екінші жарыс күнінде 73 және 81 келі дәрежелерінде өнер көрсететін ерлер мен 63, 70 келі салмақтарда бақ сынайтын әйелдер шеберлік байқасады. 

73 келіде ел намысын қорғайтын Аңсарбек Ғайнуллин бірінші кезеңде Нжие Файемен (Гамбия) сынға түседі. Осы салмақтағы тағы бір спортшымыз Жансай Смағұлов жарысты екінші айналымнан бастайды. Оның қарсыласы кейінірек белгілі болады. 

Абылайхан Жұбаназар (81 келі) жылдың алғашқы жарысының бірінші айналымында франциялық Тизи Гнамьенмен белдеседі. Ал Бекәділ Шаймерденов қарсыласын бірінші айналым қорытындысы негізінде біледі. 

Қыздар арасында 63 келіде Самалай Ерғалиева жарыс жолын бастап, аустриялық Лубьяна Пьовесанамен сынға түседі. Есмигүл Куюлованың (63 келі) қарсыласы әзірге белгісіз, ол татамиге екінші айналымда шығады.

70 келіде бақ сынайтын қос аруымыз Анастасия Маякова мен Анастасия Морозова Гран-Приді екінші айналымнан бастайды. Екеуі де ұлыбританиялық дзюдошылармен сынға түседі. Анастасия Маякова Кэти-Джемима Йейтс -Браунмен белдессе, Анастасия Морозова Келли Петтерсен Поллардпен шеберлік байқасады. 

Португалиядағы Гран-придің іріктеу кезеңі Астана уақытымен 15:00-де басталады.