Дакар-2026 жасөспірімдер Олимпиадасында Қазақстан туын кімдер ұстап шығады
ҰОК
Сенегалдың Дакар қаласында өтетін IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасының ашылу салтанатында Қазақстан құрамасының туын дзюдошы Фатима Сұпығалиева мен волейболшы Әлихан Ағабек ұстап шығады, деп хабарлайды Bassport.kz ҰОК-ге сілтеме жасап.
Фатима Сұпығалиева 52 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетеді. 2026 жылы отандасымыз кадеттер арасында әлем чемпионы атанды. Сондай-ақ оның қоржынында 2025 жылы Бахрейнде өткен жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарының алтын медалі бар. Әлихан Ағабек жағажай волейболынан Оразалы Сағынышпен бірге Қазақстан намысын қорғайды. 2025 жылы қос спортшы Бахрейнде өткен жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алды. Бұған қоса, қазақстандық жұп 2026 жылы 18 жасқа дейінгі спортшылар арасында әлем чемпионатының 1/16 финалына дейін жетті. Жалпы, Дакарда өтетін жасөспірімдер Олимпиадасында 18 қазақстандық 11 спорт түрінен бақ сынайды. Айта кетейік, Дакар-2026 жасөспірімдер Олимпиадасына спортшыларды іріктеу тәртібі өзгерді. Бұрынғы Ойындардан айырмашылығы, бұл жолы арнайы іріктеу турнирлері өтпейді. Олимпиада жолдамаларын Халықаралық Олимпиадалық комитеті мен халықаралық спорт федерациялары белгіленген талаптар бойынша бөледі.
Еске салайық, IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасы 2026 жылғы 31 қазан мен 13 қараша аралығында өтеді. Дакар Африка құрлығында Олимпиада ойындарын қабылдайтын алғашқы қала болмақ.