Биатлоншыларымыз Универсиадада төртінші орынға тұрақтады

Биатлоншыларымыз Универсиадада төртінші орынға тұрақтады
Қысқы спорт

АҚШ-тың Лейк-Плэсидінде өтіп жатқан ХХХ Дүниежүзілік қысқы Универсиадада биатлоннан жекелей аралас эстафета өтті, деп хабарлайды BasSport.kz тілшісі. 

Бұл сында ел намысын Александр Мухин мен Арина Крюкова қорғады. Жарыс нәтижесінде олар төртінші орынға табан тіреді. Аралас эстафетада ел намысын қорғаған спортшылар жарыс жеңімпаздарынан 1 минут 16,6 секундқа қалып қойды.

Бүкіләлемдік студенттер ойындарының алтыны чехиялық Тереза Яндова мен Якуб Кочанға бұйырса, күмісін франциялық Полин Машу мен Аксель Гарнье еншіледі. Ал қола медаль украиналық Юлия Городна мен Степан Кинашқа бұйырды.

Еске салайық, қазір Қазақстан қоржынында Универсиаданың екі алтыны бар. Алғашқы алтынды биатлоншы Вадим Куралес салса, бүгін шаңғымен секіру спортынан бақ сынаған спортшымыз Данил Васильев Универсиада чемпионы атанды.