Су добы: Атақты балалар бапкері қайтыс болды

Су добы: Атақты балалар бапкері қайтыс болды
Басқа

Су добынан КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, бірнеше танымал ватерполшының қанат қағуына септігін тигізген маман 

Лев Смолеев өмірден өтті, деп хабарлайды BasSport.kz тілшісі. 


Ол 40 жылдан астам Алматыдағы №4 спорт мектебінде қызмет етті. Еліміздің спортына 1000-нан ватерполшыны тәрбиелеп қосты. Арасында Олимпиада, әлем, Азия чемпиондары бар. Мысалы, 1980 жылғы Олимпиада чемпионы Сергей Котенконың да алғашқы ұстазы Лев Смолеев болатын. Сонымен қатар Асқар Оразалинов, Нұрлан Мендіғалиев, Николай Лошкин, Антолий  Долгушин, Валерий Коплик секілді болып тізім жалғаса береді. 


1981 жылы Алматының "Динамо" клубы КСРО чемпионы атанған болатын. Бұған Лев Смолеевтің қосқан үлесі зор. Өйткені команданың негізгі құрамы осы маманның шәкірттерінен жасақталған еді.


Спортқа қосқан үлесі үшін Лев Николаевич ҚазКСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы (1974 ж.) және КСРО еңбек сіңірген жаттықтырушысы (1984 ж.) атақтарына ие болды. Спортты дамытудағы еңбегі үшін ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен (1983 ж.), "халықтық білім беру үздігі" белгісімен (1994 ж.), еңбек ардагері (2002 ж.) марапатталды, ҚР Тұңғыш президенті Н.Ә. Назарбаевтың (2001 ж.) алғыс хатына ие болды, ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің орденімен (2012 ж.)  және "Құрмет" орденімен (2019 жыл) марапатталды.


Марқұмның жақындары мен туыстарына қайғырып көңіл айтамыз.