Хоккей: Норвегия 2027 жылғы әлем чемпионатын өткізуден бас тартты

Хоккей: Норвегия 2027 жылғы әлем чемпионатын өткізуден бас тартты
Хоккей

Норвегия мемлекеті  шайбалы хоккейден 2027 жылғы әлем чемпионатын өткізуге ресми түрде бас тартты. Бұл туралы  Халық­аралық шайбалы хоккей феде­рациясының (IIHF) Twitter парақшасында жазылды, деп хабарлайды  Bassport.kz.

"Норвегия хоккей федерациясы ұсыныстарын қайтарып алды. Енді Германия мен Қазақстан мемлекеттері өзара таласады", - деп жазылған хабарламада.

Айта кетейік, былтыр Қазақстанға  Халық­аралық шайбалы хоккей феде­рациясының басшысы Люк Тардиф келген. Ол мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескен.  Сол кезде президент біздің елде спорттың осы түрімен 14 мыңнан аса адам айналысатынын тілге тиек ете келе, жер-жаһанның ең мықты командалары бас қосатын бәсекені аса жоғары деңгейде өткізе алатынымыз жайында мәлімдеді.

Әлемдік дода сонау 1920 жылдан бері ұйым­дастырылып келеді. 85 мәрте жалауы желбіреген жарыстың дені Еуропа елдерінде өткені белгілі. Одан бөлек, АҚШ-та үш және Канадада бір рет шымылдығы түрілді. Егер таңдау Қазақстанға түссе, онда шайбалы хоккейден осындай бәсі жоғары бәсеке Азия құрлығында алғаш рет ұйымдастырылмақ.

Қазақстанның бәсекелесі Германия осыған дейін хоккейден ұйымдастырылған әлем біріншіліктерін 9 рет қабылдаған.

2027 жылға дейін әлем чемпионаттары мына елдерде өтеді:

Тампере, Финляндия және Рига, Латвия, 12–28 мамыр 2023
Прага және Острава, Чехия, 10–26 мамыр 2024
Стокгольм, Швеция және Хернинг, Дания, 9–25 мамыр 2025
Цюрих және Фрибург, Швейцария, 15–31 мамыр 2026 жыл.