Әлемнің жаңа көшбасшылары: Қазақстандық шпагашылар Франция мен Швейцарияны басып озды

Әлемнің жаңа көшбасшылары: Қазақстандық шпагашылар Франция мен Швейцарияны басып озды
Басқа

ҰОК

Семсерлесуден Қазақстан ерлер ұлттық құрамасы бұрын-соңды болмаған тарихи биіктікті бағындырды. Шпагамен семсерлесуден Халықаралық семсерлесу федерациясының (FIE) жаңа маусым алдындағы жаңартылған әлемдік рейтингінде отандық спортшылар көш бастады, деп хабарлайды Bassport.kz.

354 ұпай жинаған Қазақстан құрамасы Франция (310 ұпай) мен Швейцария (296 ұпай) сияқты әлемдік алпауыттарды шаң қаптырды. Үздік бестікті Италия мен Украина құрамалары түйіндеп тұр.

Айта кетейік, жаңа маусымның алдында еліміз бұл тізімде үшінші орында орналасқан болатын.

Бұл сенсациялық жетістікке отандастарымыздың кейінгі екі жылдағы халықаралық аренадағы үздіксіз жеңістері тікелей септігін тигізді. Қазақстандық шпагашылар 2025 жылдың қарашасында Эр-Риядтағы Ислам ынтымақтастығы ойындарында топ жарса, 2026 жылғы маусымда Нью-Делиде Азия чемпионы атанды. Сондай-ақ биылғы шілдеде Гонконгте өткен әлем чемпионатында және күзде Жапонияның Аичи мен Нагоя қалаларында жалауын көтерген Азия ойындарында алтыннан алқа тақты. Ал рейтингідегі бірінші орынға шығуға Марокконың Касабланка қаласында аяқталған әлем кубогы кезеңіндегі жарқын жеңіс соңғы нүктені қойды. Касабланка кортында ел намысын қорғаған Кирилл Проходов, Вадим Шарлаимов, Александр Федотов және Кирилл Павлов шешуші финалдық айқаста Ресей құрамасын 45:40 есебімен тізе бүктіріп, 2026/27 жылғы маусымды әлемнің №1 командасы ретінде бастады.