Жүлдесіз Masters: қазақстандық дзюдошылар жарыс жолын аяқтады
Бүгін дзюдодан Иерусалимде өтіп жатқан Masters турнирінің қорытынды жарыс күні. Қазақстандық дзюдошылар соңғы жарыс күнінде 78, 78+, 90 және 100 келі салмақ дәрежелерінде сынға түсті, алайда барлық спортшы алғашқы кезеңдерде-ақ жарыспен қош айтысты, деп хабарлайды bassport.kz тілшісі.
Әйелдер арасында 78 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Аруна Жангелдина сайыстағы алғашқы қарсыласы нидерландтық Карен Стивенсоннан жеңіліп, бірінші кезеңде-ақ жарыстан шығып қалды. 100 келіге дейінгі ерлер арасында ел намысын қорғаған Нұрлыхан Шархан да әріптесінің жолын қайталап, татами иесі Петер Пальчиктен жеңіліп, турнирді әрі қарай жалғастыру мүмкіндігінен айырылды.
Оңтүстік кореялық Мижин Ханды жеңген Камила Берліқаш (+78 келі) пен 90 келіде өенр көрсеткен Дидар Хамза ғана екінші айналымға өткен. Алайда олар да қарсыластарынан жеңіліп, ширек финалға шыға алған жоқ. Іріктеудің екініш кезеңінде Камила Берліқаш француз қызы Леа Фонтейннен, ал Дидар Хамза Давлат Бобоновтан жеңілді.
Осымен дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасы жылдың қорытынды Masters турниріндегі өнер көрсетуін аяқтады. Құрама команда сапынан тек Абиба Әбужақынова ғана жүлдеге бір қадам жақын болып, қола медаль үшін белдескен. Алайда ол да қолаға қол созым жерде жарыстан шығып қалды. Өзге спортшылардың барлығы дерлік бірінші және екінші айналымнан әрі аса алған жоқ.