Қолаға қол созым жерде қалған Абиба Әбужақынова немесе Masters-тің алғашқы жарыс күнінің қорытындысы

Қолаға қол созым жерде қалған Абиба Әбужақынова немесе Masters-тің алғашқы жарыс күнінің қорытындысы
Дзюдо

20-22 желтоқсан күндері дзюдодан жылдың қорытынды Masters турнирі өтіп жатыр. Израиль астанасы Иерусалимде өтіп жатқан халықаралық доданың алғашқы жарыс күнінде алты дзюдошымыз өнер көрсетіп, Абиба Әбужақынова ғана жүлдеге бір қадам жерде тоқтады, ал қалған спортшылар іріктеу кезеңінен әрі аса алған жоқ, деп хабарлайды bassport.kz тілшісі. 

48 келіде бақ сынайтын 2022 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Абиба Әбужақынова алғашқы белдесуін Чили спортшысы Мэри Ди Вегас Лейге қарсы өткізіп, келесі кезеңге өтті. Екінші кезеңде Эллен Саленсті 2:0 есебімен жеңген Абиба Әбужақынова ширек финалда франциялық дзюдо шеберімен кездесті. Ширин Боуклимен болған теке-тіресте қазақстандық спортшы 1:2 есебімен жеңілді, ал жұбаныш белдесуінде америкалық Мария Лабордені жеңіп, қола жүлде үшін сынға түсетін болды. Қола жүлде үшін болған таласта италиялық Асунта Скуттомен кездескен қазақстандық дзюдошы қарсыласына есе жіберді. Осылайша, жылдың қорытынды турнирінің алғашқы жарыс күнінде бақ сынаған қазақстандық спортшылар арасынан жүлдеге бір қадам жақын болған Абиба Әбужақынова Masters-ті 5-орынмен аяқтады. 

Әйелдер арасында 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Севара Нышанбаева болса, чехиялық Вера Земанованы жеңіп, екінші кезеңге шыққан. Бірақ ширек финалдың жолдамасы сарапқа салынған белдесуде отандасымыз бразилиялық Рафаэла Сильваға жол беріп, жарыс жолын аяқтады. 

Ерлер арасында 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ел үздігі Елдос Сметов, Мағжан Шамшадин мен Бауыржан Нарбаев бақ сынады. Бірақ үшеуі де медаль үшін болатын белдесулерде өнер көрсете алған жоқ. Елдос Сметов алғашқы кезеңде италиялық Анджело Пантаноны тізе бүктіргенімен, екінші айналымда оңтүстік кореялық Харим Лиден айласын асыра алған жоқ. Мағжан Шамшадин де әріптесінің жолын қайталап, жарыс иесі Матан Коколаевты жеңгенімен, екінші кезеңде әзербайжандық дзюдошы Балабай Агаевтан өте алмады. D тобында сынға түскен Бауыржан Нарбаев болса, бірінші кезеңде-ақ жарыспен қош айтысты. Ол алғашқы айналымда кейін жарыс жеңімпазы атанған Тұран Байрамовпен кездесіп, жеңілген болатын. 

Ал 66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ел намысын Ғұсман Қырғызбаев қорғап, ол да бірінші айналымнан әрі аса алмады. Алғашқы айналымда ол татами иесі Таль Фликерден жеңілді. Ал израильдық спортшы кейін финалда өнер көрсетіп, күміс жүлдеге қол жеткізді. 

Қазақстандық дзюдошылардың Masters турнирінің алғашқы жарыс күніндегі нәтижесі осындай. Бір ғана спортшы медаль үшін бақ сынап көрсе, өзгелері жарысты іріктеу кеезңінде аяқтады. 

Суреттер: IJF.org