Дзюдодан Masters турнирінің жеребе тарту рәсімі өтті

Дзюдодан Masters турнирінің жеребе тарту рәсімі өтті
Дзюдо

20-22 желтоқсан күндері Иерусалимде (Израиль) дзюдодан Masters турнирі өтеді. 58 елдің 376 спортшысы бақ сынайтын жарыстың жеребе тарту рәсімі өтті, деп хабарлайды bassport.kz тілшісі. 

2022 жылдың соңғы ірі турнирінде Қазақстан намысын 13 спортшы (9 ер, 4 әйел) қорғайды. Бүгін жарыстың жеребе тарту рәсімі өтіп, қазақстандық дзюдошылар өз қарсыластарын білді. 

Бұрымдыларымыз  Masters турнирінде 4 салмақ - 48, 57, 78, 78+ келі салмақ дәрежелерінде сынға түседі. 48 келіде ел намысын қорғайтын Абиба Әбужақынованың қарсыласы Чили елінің спортшысы Мэри Ди Варгас Лей болмақ. Ал Севара Нышанбаева (57 келі) жарыстың алғашқы кезеңінде чехиялық Вера Земановамен күреседі. 78 келіге дейінгі салмақта бақ сынайтын Аруна Жангелдина нидерландтық татами шебері Карен Стивенсонмен кім мықтыны анықтайды. Бакуде өткен Үлкен дулыға кезеңінің қола жүлдегері Камила Берліқаш (78+ келі) оңтүстік кореялық Мижин Ханмен күш сынасады. 

Ерлер арасындағы бәсекеде 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 3 спортшымыз ел намысын қорғайды. Ұлттық құрама үздігі Елдос Сметов алғашқы кезеңде италиялық Анджело Пантаномен, Мағжан Шамшадин жарыс иесі Матан Коколоевпен, Бауыржан Нарбаев әзербайжан спортшысы Тұран Байрамовпен сынға түседі. 

66 келіде өнер көрсететін Ғұсман Қырғызбаев Тал Фликермен (Израиль) келесі айналымның жолдамасын сарапқа салады. 73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсіп жүрген Жансай Смағұлов болгариялық Марк Христовқа, ал Данияр Шамшаев Хикматиллох Тұраевқа (Өзбекстан) қарсы тұрады. 81 келіде бақ сынайтын спортшымыз Абылайхан Жұбаназар әлемнің үздік 10 дзюдошысының тізіміне енетін бельгиялық Сами Чочимен белдеседі. 90 келіде Дидар Хамза эстониялық Клен-Кристофер Калюлайдпен, ал 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Нұрлыхан Шархан татами иесі Петер Пальчикпен сынға түсетіні анықталды. 

Жарыстың бірінші күнінде әйелдер арасында 48,52 және 57 келі салмақ дәрежелерінің, ал ерлер арасында 60 және 66 келілердің белдесулері өтеді. Демек, ертең, 20 желтоқсан күні Иерусалим татамиінде 6 спортшымыз өнер көрсетеді. Әйелдер арасында Абиба Әбужақынова мен Севара Нышанбаева сынға түссе, ерлерден Елдос Сметов, Мағжан Шамшадин, Бауыржан Нарбаев және Ғұсман Қырғызбаев ел намысын қорғайды. 

Еске салайық, осы турнирде чемпион атанған спортшыға 1800 ұпйа беріледі.