Әрдайым көш басында болғымыз келеді - Денис Никиша
Қысқы спорт
Қазақстандық шорт-трекші Денис Никиша Алматыдағы әлем кубогы кезеңіндегі жеңісінен кейін, жарысты қорытындылап, BasSport.kz тілшісіне арнайы сұхбат берді.
- Кеше тек қола жүлде бұйырғанда, көңіл күйім қатты түскен жоқ. Әрине, әрдайым жеңіске жетуге талпынамыз. Алайда бұл шорт-трек, бұл - спорт. Сол сәтте аздап көңіл-күйім түсті. Дегенмен, өзімнің соңғы жарыс күнінде топ жару қолымнан келетінін білдім. Неге бұлай екенін өзім де білмеймін. Мұндай жағдай бірнеше рет қайталанды. Оның ішінде 500 метрге жүгіруде, жексенбі күні бар күшімді, эмоциямды жиып, өнер көрсетемін. Қашықтықты жүгіріп болғаннан кейін, ереже бұзған шығармын деп ойладым. Бірақ қайталауды көргеннен соң, барлығы дұрыс екеніне көзім жетті.
- Сүйіктіңе ұсыныс жасау идеясы саған жауапкершілік артты ма, әлде жеңіске жетуге қосымша жігер берді ме?
- Шынын айтқанда, оған аса қатты мән берген жоқпын. Мен айналада болып жатқан оқиғаларға мән бермеуге үйрендім. Әрине, барлығын ойыңнан өшіре алмайсың. Дегенмен, медаль туралы және өзге де ойларға назарымды аудармаймын. Әрдайым бұның спорт екенін есімде ұстап, өз жұмысымды жоғары деңгейде орындауға тырысамын. Қашықтықты жүгіріп өтуге арналған жоспарымды, стратегиямды жүзеге асыруға талпынамын. Бүгін алтын аламын деп ойлаған жоқпын, жай ғана өзімнің жарысқа құрған жоспарымды жүзеге асырғым келді.
- Әлем кубогы кезеңінде сүйіктісіне сөз салған алғашқы шорт-трекшісің ғой.
- Шынымды айтайын, білмеймін. Мүмкін.
- Осы жеңісіңді кімге арнайсың?
- Бүгінгі жеңісімді жанкүйерлерге арнаймын. Аренаға келіп, қолдау білдірген әр жанға алғыс. Кішкентай балалардың, тіпті әлі тілі дұрыс шықпаған бүлдіршіндер бізге шын жүректен қолдау көрсетті. Мұның бәрі ерекше эмоция сыйлады. Оның үстіне, өз жанкүйерлеріңнің алдында өнер көрсету және жеңіске жету ерекше сезім. Аренадан Оңтүстік Кореяның, Жапонияның, Нидерланд елінің жанкүйерлерін де көрдім. Өзге елдің спортшылары да қолдаусыз қалмады.
- Алматыда өткен әлем кубогы кезеңдеріне қандай қорытынды жасап, баға берер едің?
- Жұмыс істеп, жетілдіруіміз керек тұстар бар. Әрине, үнемі көш басында болғымыз келеді. Бұл үшін көп еңбектенуіміз керек.
Сурет авторы: Сали Сабиров