Ауыр атлетикадан әлем біріншілігі жалауын желібретті
Бүгін Колумбия астанасы Боготада ауыр атлетикадан әлем чемпионаты басталды. 6-16 желтоқсан күндері болатын жаһан біріншілігінде Қазақстан намысын 13 зілтемірші қорғайды, деп хабарлайды bassport.kz тілшісі.
9 ер мен 4 әйел спортшыдан құралған ауыр атлетикадан Қазақстан ұлттық командасының құрамын назарларыңызға ұсынамыз:
Ерлер құрамасы: Арли Чонтей (А тобы, 55 келі), Алексей Чуркин (В тобы, 73 келі), Анатолий Савельев (А тобы, 67 келі), Асылжан Бектай, Денис Уланов (В тобы, 89 келі), Еламан Сейітқазы (А тобы, 81 келі), Әлішер Сейітқазы (В тобы, 96 келі), Нұрғиса Әділетұлы (А тобы, 96 келі), Артем Антропов (А тобы, 102 келі).
Әйелдер құрамасы: Арай Нұрлыбекова (В тобы, 76 келі), Айша Омарова (С тобы, 81 келі), Айым Есжанова (В тобы, 87 келі), Любовь Ковальчук (В тобы, 87+ келі).
Биылғы әлем чемпионатында 93 елдің 550-ге тарта спортшысы ерлер 10, әйелдер 10, жалпы 20 салмақта өзара күш сынасады. Сондай-ақ бұл біріншілікте 2024 жылы Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындарының жолдамалары сарапқа салынады. Латын Америкасындағы додаға Ресей мен Беларусь құрамалары қатыспайды. Алғашында бұл бәсеке Қытайдың Чунцин қаласында өтуі керек болған, алайда пандемияға байланысты жарысты өткізу мәртебесі Колумбияға берілді.
Қазақстандық спортшылар арасынан жарыс жолын бірінші болып Арли Чонтей 7 желтоқсан күні бастайды.