Бублик Шанхайдағы турнирдің үшінші айналымына шықты
ҚТФ
Қазақстанның бірінші, әлемнің 22-ракеткасы Александр Бублик Шанхай (Қытай) ATP 1000 турнирінің үшінші айналымына жолдама алды, деп хабарлайды Bassport.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Жарыстың 19-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық спортшы жарысты бірден екінші айналымнан бастады. Рейтингіде 75-орындағы чехиялық Томаш Махачпен ойында Бублик бірден брейк жасап, 2:0 есебімен алға шықты. Бірінші партияда осы басымдылық оған жеткілікті болды — 6:4. Екінші сетте есеп 1:1 болған мезетте қазақстандық теннисші тағы бір брейкке қол жеткізді. Дегенмен Махач таразы басын теңестіріп кетті — 3:3. Ақыры тай-брейкте Бубликтің асығы алшысынан түсті — 7:6 (7:4).
Бір сағат 23 минутқа созылған бәсекеде А.Бублик 18 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың екеуін өз есебіне жазды. Махач 4 эйс, 1 брейкпен шектелді.
Александр Бублик төртінші айналымға өту үшін әлемнің 18-ракеткасы, америкалық Брэндон Накашимамен таласады.