Гандболдан Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына жолдама алды

Гандболдан Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына жолдама алды
Басқа

Оңтүстік Корея астанасы Сеул мен Инчон қаласында өткен әйелдер арасындағы гандболдан ХІХ Азия чемпионатында бақ сынаған Қазақстан құрамасы 2023 жылғы әлем чемпионатына жолдама алды, деп хабарлайды bassport.kz тілшісі. 

Сары құрлық бәсекесіндегі соңғы ойынды Үндістанға қарсы өткізген ұлттық құрама қарсыласын 42:31 есебімен жеңіп, командалық есепте 5-орын алды. Ал бұл 2023 жылғы 30 қараша мен 17 желтоқсан аралығында үш ел - Дания, Норвегия, Швецияда өтетін ХХVI Әлем чемпионатында жолдама жеңіп алуға мүмкіндік берді. 

Қазақстандық гандболшылар Азия біріншілігін В тобында бастап, Гонконг пен Таиландты ұтып,  Қытай мен Жапония құрамаларынан жеңілді. Осылай жартылай финалға шыға алмаған қазақтың бұрымдылары соңғы жолдама үшін таласта Өзбекстаннан 30:28 есебімен басым түсті. Құрлықтық чемпионаттағы соңғы ойында Үндістанды жеңіп, әлем біріншлігі қатысушыларының қатарына енді.