ХОК 2032 жылғы Олимпиаданың какаду құсына негізделген ресми логотипін жариялады
ҰОК
Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) 2032 жылы Брисбенде (Аустралия) өтетін жазғы Олимпиада және Паралимпиада ойындарының ресми эмблемаларын көпшілікке ресми түрде таныстырды, деп хабарлайды Bassport.kz.
Жаңа визуалды стильдің негізгі концепциясы ретінде жарыс қожайыны саналатын Квинсленд штатының табиғаты мен мәдениеті таңдалған.
Жаңа нышандардың басты бейнесі – Аустралия құрлығында мекендейтін популяциясы бай какаду құсының екі түрі: Олимпиада символы үшін қызғылт какаду, ал Паралимпиада үшін сары айдарлы какаду негіз болып алынған.

Эмблема дизайнындағы жасырын мағыналар мен ерекшеліктер:
Айдар мен штат сұлбасы: Құстардың басындағы айдарларының сыртқы пішіні жарыс өтетін Квинсленд штатының географиялық контурын бейнелейді.
Алау жалыны: Стилизацияланған айдарлар бір уақытта Олимпиада және Паралимпиада алауының жалынын меңзеп, бірлік, үміт пен шабытты білдіреді.
Қауырсындар құпиясы: Құс айдарындағы қауырсындардың 3 және 2 болып топтасып орналасуы екі мағына береді: біріншіден, бұл Ойындар өтетін 2032 жылды білдірсе, екіншіден, Аустралия тарихында Олимпиаданы үшінші рет (1956 жылы Мельбурн, 2000 жылы Сиднейден кейін) қабылдайтынын білдіреді.
Байырғы халықтар мәдениеті: Жергілікті аборигендер мәдениетінде какаду құсы адамдарды жермен, тарихпен және дәстүрмен байланыстыратын «қасиетті хабаршы» ретінде бағаланады.
Екі эмблема да арнайы қаріппен әзірленген «Brisbane 2032» жазуымен толықтырылып, Олимпиадалық нұсқада бес сақина, ал Паралимпиадалық нұсқада «Агитос» белгісімен бекітілген. ХОК мәліметінше, Ойындардың ресми тұмарлары (маскоттары) кейінірек таныстырылады.
Естеріңізге сала кетейік, Брисбендегі Олимпиада ойындары 2032 жылдың 23 шілдесі мен 8 тамызы аралығында, ал Паралимпиада 24 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында өтеді.