Азиадада жүлдеге іліккен қазақстандық спортшылар қанша сыйақы алады
ҰОК
Аичи-Нагоя-2026 Азия ойындарында жүлдегер атанған қазақстандық спортшылар мен олардың бапкерлеріне мемлекет тарапынан арнайы ақшалай сыйақы беріледі, деп хабарлайды Bassport.kz Informsports.kz-ке сілтеме жасап.
Сыйақы көлемі ҚР Туризм және спорт министрлігінің ресми қаулысымен бекітілген. Сыйақылар АҚШ долларымен есептеліп, Ұлттық банктің ағымдағы бағамы бойынша теңгемен төленеді.
Ресми ережеге сай, алтын медаль үшін спортшыға 10 000 доллар, күміс үшін – 5 000 доллар, ал қола жүлде үшін – 3 000 доллар табысталады.
Айта кетерлігі, командалық спорт түрлерінде (мысалы, футбол, волейбол немесе эстафета) жалпы есепке бір ғана медаль жазылғанымен, команданың әрбір мүшесіне сыйақы толық көлемде жеке-жеке төленеді.
Спортшыларды жеңіске жетелеген жаттықтырушылар құрамы да назардан тыс қалмайды. Чемионды баптаған бас бапкер мен жеке жаттықтырушыға 5 000 доллар, күміс жүлдегердің бапкеріне 3 000 доллар, ал қола медаль үшін 2 000 доллар сыйақы қарастырылған.