Роналдиньо 46 жасында футболға оралады

Роналдиньо 46 жасында футболға оралады
Футбол

©depositphotos.com/m.iacobucci.tiscali.it

2005 жылғы «Алтын доп» иегері Роналдиньо футболға қайта оралады, деп хабарлайды Bassport.kz La Gazzetta dello Sport басылымына сілтеме жасап.

Дереккөз мәліметінше, 46 жастағы бразилиялық футболшы Италияның Серия C чемпионатында өнер көрсететін «Равеннамен» келісімге келген.

Роналдиньомен келісімшартқа қол қойылғаны 23 маусымда Майамиде өтетін салтанатты шарада жарияланады. Сол жерде клубтың жаңа жейдесі де таныстырылады.

«Роналдиньомен келісімге келу – клуб үшін ерекше оқиға. Ол менің кумирім болды, оның футболға әсері алаңдағы жетістіктерінен әлдеқайда ауқымды», – деді клуб иесі Иньяцио Чиприани.

Өткен маусымда «Равенна» 73 ұпаймен Серия C-нің B тобында үшінші орын алып, Серия B жолдамасы үшін плей-оффқа қатысқан. Алайда команда 1/8 финалда «Читтаделлеге» есе жіберді.

Аңызға айналған бразилиялық футболшы кәсіби футболға оралатынын өзі де растады.

«Доппен қайта билеп, Иньяцио Чиприани мен оның отбасымен бірге жаңа әрі әдемі оқиға жазуды асыға күтіп жүрмін. Футбол мен үшін әрдайым қуаныш болды, мен осы рухты «Равеннаға» алып келгеніме қуаныштымын. Сиқыр басталсын!», – деді футболшы Sky Sports Italy басылымына.

Журналист әрі инсайдер Фабрицио Романоның айтуынша, Роналдиньо италиялық клуб сапында тұрақты түрде ойнамайды.

Бразилиялықтың «Равеннадағы» рөлі жарнамалық науқандар мен жолдастық матчпен шектеледі.

Роналдиньо мансабында «Гремио», ПСЖ, «Барселона», «Милан», «Фламенго», «Атлетико Минейро», «Керетаро» және «Флуминенсе» клубтарында ойнады. Ол Ла Лига, Чемпиондар лигасы, Бразилия чемпионаты мен Либертадорес кубогын жеңіп алған.

Бразилия құрамасымен 1999 жылғы Америка кубогын, 2002 жылғы әлем чемпионатын және 2005 жылғы Конфедерациялар кубогын ұтты. Сол жылы жартылай қорғаушы «Алтын доп» иегері атанған.