The Chelsea Chronicle басылымы Сәтпаевтың Бёрнлидегі» дебютіне баға берді
«Бернли» ФК
Қазақстандық жас шабуылшы Дастан Сәтпаев Англияның «Бёрнли» клубы сапындағы алғашқы ойынын өткізді. The Chelsea Chronicle басылымы 18 жастағы футболшының дебютіне оң бағасын берді, деп хабарлайды Bassport.kz Informsports.kz-ке сілтеме жасап.
Лондондық «Челсиге» тиесілі Сәтпаев өткен аптада «Бёрнлиге» жалға берілген болатын. Ол Чемпионшип аясындағы «Вест Бромвичке» қарсы сырт алаңдағы кездесуде екінші таймда, матчтың аяқталуына шамамен жарты сағат қалғанда алаңға шықты.
Қазақстандық шабуылшы ойынға қосылған сәтте «Бёрнли» 1:2 есебімен жеңіліп жатқан еді. Арада сегіз минут өткенде алаң иелері пенальтиден тағы бір гол соғып, кездесу 3:1 есебімен «Вест Бромвичтің» пайдасына аяқталды.
The Chelsea Chronicle Сәтпаевтың дебюті «Челси» скауттарының да назарында болғанын атап өтті.
«Сәтпаевтың жағдайды өзгерту үшін мүмкіндігі көп болған жоқ, дегенмен оның алаңға шығуы жақсы әсер қалдырды», – деп жазды ағылшын басылымы.
Басылымның болжамынша, қазақстандық футболшы жақын арада «Бёрнлидің» негізгі құрамында алғаш рет алаңға шығуы мүмкін.
«Бёрнли» келесі кездесуін Англия лигасы кубогының екінші кезеңінде «Брэдфорд Ситиге» қарсы өткізеді. Бұл матч Сәтпаев үшін жаңа командасындағы алғашқы негізгі құрамдағы ойынға айналуы ықтимал.