Қазақстандық жас конькишілер әлем кубогында 5 медаль жеңіп алды
Финляндияның Сейняйоки қаласында жастар арасындағы әлем кубогының бірінші кезеңі аяқталып, қазақстандық конькишілер елге 5 медальмен - 2 алтын, 2 күміс және 1 қоламен оралды, деп хабарлайды bassport.kz тілшісі.
Жарыстың соңғы күнінде әйелдер арасында 500 метрге жүгіру сынында бақ сынаған Алина Дауранова әлем кубогы кезеңінің екінші алтынын мойнына тақты. Ол бұл қашықтықты 40,27 секундта жүгіріп өткен. Бұған дейін ол бір мың метр қашықтыққа жүгіруде топ жарған.
Ал ерлер арасындағы өтпелі нео-ересектер деңгейіндегі 500 метрде Алтай Жәрдембекұлы күміс медальге қол жеткізді. Спортшы Қазақстан кубогы кезеңінде 1500 метрге жүгіруде үздік шыққан.
Қазақстан қоржынына түскен екінші күміс медальді Никита Важенин салды. Ол 1000 метрде жеңіске жетуі үшін екі-ақ секунд жетпей, жапониялық Исса Гунджиге бірінші орын бұйырды.
Ал 3 мың метр қашықтық бағындыруда Нұралы Ақжол үздік үштіктің қатарынан көрініп, қолаға қол жеткізді.
Конькимен жүгіруден жастар арасындағы әлем кубогының келесі кезеңі 3-4 желтоқсан күндері осы Сейняйоки қаласында өтеді. Үшінші кезең 2023 жылдың 4-5 ақпан күндері Германияның Инцелль қаласында өтеді деп жоспарланып отыр. Одан кейін д10-12 ақпан аралығында дәл сол Инцелль қаласында жастар арасындағы жаһан үздігі анықталатын әлем чемпионаты өтеді.