"Ермаханды Сиднейге қобызбен шығарып салды": Белгісіз ырым қазақ спортшыларына қалай көмектесті

Басқа

Спортшылардың өте ырымшыл халық екені жиі айтылып та, жазылып та жүр. Жарыс кезінде тылсым күштер мен шамандардың көмегіне жүгінуден атақты спорт жұлдыздары да бас тартпайды. Мәселен, "Үлкен Дулыға" турнирлерінің 21 дүркін чемпионы Новак Джоковичтің командасында оны тіл-көзден сақтап отыратын арнайы маман бар. Ресейлік көркем гимнастиканың ханшайымы Ирина Винер де құрамамен бірге дін өкілін және шамандарды ертіп жүретінін жанкүйерлер жақсы біледі. Ал маңызды матч қарсаңында түрлі ырымдарды ұстанатын футболшылардың да өз сенімдері жоқ емес. Қазақстандық клубтар мен спортшылардың ерекше есте қалған оқиғалары қандай? Bassport.kz шолу жасады. 



Қой сою һәм жеңіске бір қадам

Қазақ халқы үшін құрбандыққа қой шалу - әдепкі құбылыстардың бірі. Жолы болмай, қиындыққа жиі ұшыраған немесе ауыр апат секілді пәле-жаладан аман қалған адамға арнайылап қой сойып, құрбандық шалу жергілікті ұлт өкілдері үшін жат емес. Соңғы кездері бұл ырым үлкен спортқа да келе бастады. 2013 жылы Қарағандының "Шахтер" клубы Чемпиондар лигасы аясында "Селтикке" қарсы ойнайтын болды. Сол кезде "Астана арена" стадионында футболшылар үшін бір қой құрбандыққа шалынған еді. Бұл ырымды өткізу үшін мешіт молдасы арнайылап шақырылған.


Бір қызығы, Глазгода өтетін қарымта матч қарсаңында еуропадағы жануарларды қорғау ұйымдарының өкілдері бас көтеріп, қарағандылықтардың қой союына қарсы шықты. Олар сол кездегі УЕФА президенті Мишель Платиниге хат жазып, Еуропа стадиондарында қою союға тыйым салуға үндеген.


"Барыс" қанша қойды құрбан етті?

Қой сою астаналық "Барыс" хоккей клубының да сүйікті дәстүрлерінің бірі. 2015 жылы жаңа аренаға қадам басарда елордалықтар қой сойып, қанын киім ілетін бөлмеге жағып қойғаны есімізде. "Барыс" бұдан кейін де талай қойды құрбандыққа шалды. 2018 жылы жеңілістен көз ашпаған команда бас бапкер Евгений Корешковті қызметінен қуып қана қоймай, қой сойып, қанын киім ілетін бөлмеге жағып шыққан. Бұл жағдайды ресейлік шолушы Алексей Шевченко жабайылыққа теңеген болатын.


"Олар жаттығу басталардан бұрын қой сойып, қанын қақпаға жағып қойды. Кейбір шетелдік ойыншылар есінен танып қалған. Бұл мүлде жабайы жағдай", - деген Шевченко.


Сол кездегі "Барыстың" баспасөз хатшысы Евгений Акманов команда өкілдерінің өздері мұндай қадамға баруды сұрайтынын айтты.

"Команда мүшелері дін өкілдерін әкелуді өтінді. Алдымен имам, сосын шіркеу мамандары келді. Құрбан шалу дәстүрі қазақта бар нәрсе. Одан бөлек, шіркеудегі әкей Кевин Далммэннің сырғытпа таяғы мен спорттық киіміне, Хенрик Карлссонның қолғабына қасиетті суды шашып, жолын ашты", - дейді Акманов.  


Әзірге, "Барыстың" қанша қойды құрбандыққа шалғаны белгісіз. Бір анығы - команда Құрлықтық хоккей лигасында бірде-бір рет чемпион атанған емес. 


Әйелдің жеңіліске қатысы қанша?

"Астана" футбол клубымен болған жағдай да ойға оралып тұр. 2017 жылы Еуропа лигасы аясында Тель-Авивте өтетін "Маккабиге" қарсы ойынға клуб өкілдері әйел журналистерді ерткен жоқ. Футболшылардың нанымы бойынша, ұшақта әйел адамның болуы команданың жеңілісіне тікелей әсер етеді екен. Ешбір әйел адамды ертпеген астаналықтар сырт алаңдағы матчта 1:0 есебімен жеңіске жетті. Бірақ бұл нәтижеге әйелдердің ұшақ бортында болу-болмауы қаншалықты әсер еткені белгісіз. 


Қобыз жын-шайтанды қуады...

Bassport.kz тілшісіне 2000 жылғы Сидней Олимпиадасының чемпионы, марқұм Бекзат Саттархановтың Асан есімді досы да қызықты оқиғасымен бөлісті. Асанның айтуынша, Алматыдан Сиднейге аттанар тұста Ермахан Ыбырайымов пен Бекзат Саттархановқа да жол ашатын ырым жасалған. 


"Марқұм досымызды Алматы әуежайынан шығарып салғанымыз есімде. Ол уақытта әуежай ескі болатын. Храпуновтың әкім болып тұрған кезі. Бәріміз улап-шулап Бекзатты шығарып салуға бардық. Ермахан екеуі әлі ішке кіре қоймаған екен. Ермахан ағамыздың әкесі, марқұм Сағи әкеміз де сол жерде. Ол кісі арнайы қобызшыны шақырып, сол жерде қобыз тартқызды. Сенім бойынша, қобыздың үні жын-шайтанды қуады екен. Кейін тап осы қобыз үнін тыңдаған Ермахан мен Бекзаттың алтын алып келгенін көрдіңіздер. Бекзат досымыз көзінен жас парлап тұрып, "Мен чемпион боламын" деп кетіп еді", - деп еске алды Асан мырза. 


Әрине, ырым-тыйым мәселесіне келгенде біз ешкімге төреші бола алмаймыз. Бірақ сәттілікке сену, ғажайыптың барына илану - сын сағатында жанын салатын әрбір спортшыға тән нәрсе. Ресей мәнерлеп сырғанау спортының басты жұлдыздары Алексей Ягудин мен Евгений Плющенко әлі күнге дейін ырымға келгенде ымыраға келе алмай жүр. Плющенконың пікірінше, 2002 жылғы Солт-Лейк-Сити Олимпиадасындағы қысқа бағдарлама кезінде құлап қалуына көрермендер арасында отырған шаман әсер етіпті-мыс. Әлем мойындаған спортшылар осылай дейтін болса, біздің алып-қосарымыз жоқ...