"Арамызда медаль алмаған спортшыны қуантқымыз келген" - бас бапкер эстафетаны қорытындылады

Қысқы спорт

Шорт-тректен Қазақстан командасының бас бапкері Нұрберген Жұмағазиев АҚШ-тағы әлем кубогі кезеңін қорытындылап, команданың эстафетадан жүлдесіз қалу себебін айтты, деп хабарлайды Bassport.kz тілшісі. 


"Солт-Лейк-Ситиде Денис пен Абзалымыз күміс медаль алды. Бірақ олардан гөрі, Әділ Ғалиахметовтің жүлде алғанына қуандым. Себебі, алыс қашықтарда жүлде алу өте қиын. Одан бөлек, Әділ өте еңбекқор жігіт. Сол еңбегі ескерілсе деген тілегім орындалды.


Денис Никиша нағыз бабында. Физикалық тұрғыдан да жақсы дайын. Тек қолы жүрмей келді бүгінге дейін. Оның уақыт көрсеткіші де жақсы - 39.8 секунд.


Эстафетаға келер болсам, өзім медальға көз салғаным рас. Себебі, арамызда әлі әлем кубогінен жүлде алып көрмеген Еркебұлан Шамұханов деген спортшымыз бар еді. Соған да медаль бұйырса екен деп, тіледім. Өкінішке қарай, спортшылап құлап қалып, төртінші орында қалдық. Десе де, еш қынжылмай, алға басамыз. Қазір эстафета қорытындысы бойынша 3-орында келе жатырмыз. Алдағы командаларды қуып жетеміз", - деді Жұмағазиев.