Олимпиададан алтын алмай, Абзал спорттан кетпейді - бас бапкер
Қысқы спорт
Шорт-тректен АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында өтіп жатқан әлем кубогі кезеңінде қазақстандық Абзал Әжіғалиев күміс жүлдегер атанды. Оныңі ізін ала, Денис Никиша мен Әділ Ғалиахметов те жеңіс тұғырына көтерілді. Осы орайда, команданың бас бапкері Нұрберген Жұмағазиев Bassport.kz тілшісіне сұхбат беріп, спортшылардың аяқ алысына баға берді.
"АҚШ-тағы әлем кубогі біз үшін сәтті өтуде. Спортшыларымыз үш медаль жеңіп алды. Жанкүйерлер Бейжің Олимпиадасынан кейін Абзал Әжіғалиев үлкен спортпен қоштасады деп ойлаған еді. Бірақ Абзал Олимпиададан алтын алмай, спорттан кетпейді (күлді).
Маусым енді басталды, Абзал 100 пайыз бабына енген жоқ. Бірақ ол тәжірибесі мол, ысылған спортшы ғой. Толық бабында болмаса да, финалда әлем үздіктерімен бірге тайталасты. Спортта мұндай болуы заңды. Мықты спортшы сын сағатында мықтылығын көрсетеді.
Жалпы, жаңа маусымдағы нәтижеміз жаман емес. Монреальда өткен әлем кубогінің алғашқы кезеңінде эстафетадан күміс медаль иелендік. Бұл біздің тарихымызда болмаған көрсеткіш. Медаль алған спортшыларымыздан бөлек, Нұртілек Қажығали А финалында бесінші орын алды. Жастарымыздың бастамасы жаман емес.
Одан бөлек, эстафетада қатарынан екі әлем кубогінде финалға шыққанымыз да қуантады. Тарихты жазу өз қолымызда. Енді біз әлем чемпионаты мен Олимпиададан медаль алуға күш салуымыз керек", - деді Жұмағазиев.