Қазақстандық әскери спортшылар әлем біріншілігінде алты алтын медаль олжалады
Үндістанның Нью-Делиінде гір спортынан өтіп жатқан әлем чемпионатының соңғы екі күнінде қазақстандық әскери қызметшілер ұлттық құраманың қоржынын тағы 6 алтын және 1 қола жүлдемен толықтырды.
Әуе қорғанысы күштерінің екі әскери қызметшісі жеңіс тұғырының бірінші сатысынан көрінді. Майор Әділхан Нұрғазин 85 келіден жоғары салмақта жұлқа, серпе және командалық эстафетада 3 "алтын", сондай-ақ ұзақ цикл бойынша гір көтеруде қола медаль жеңіп алды.
Мерзімді қызметтегі сарбаз қатардағы жауынгер Ербол Дайырбай 95 келіден жоғары салмақта гір тасын жұлқи және серпе көтеруден екі алтын медаль еншіледі.
95 келіден жоғары салмақ дәрежесінде тағы бір жоғары марапат "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшісі 3-сыныпты сержант Сұңқар Қуанышқа бұйырды.
Бұған дейін әлем біріншілігінің алғашқы төрт жарыс күнінде Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының өкілдері үздіктер сапынан көрініп, 6 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль алғаны айтылған болатын.