Чемпиондар өмір бойына ай сайын 300 мың теңгеден астам қаражат алады
Қазақстандық спортшылар мен жаттықтырушыларға Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындары жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне және олимпиадалық спорт түрлері бойынша Әлем чемпионадарына өмір бойы берілетін ай сайынғы қамсыздандыру мөлшері өсті.
Отандық спорт тарихында аталған төлем 24 АЕК-ті құрап (76 380 теңге), өзгеріссіз келген. Дегенмен, биылғы жылы Мәдениет және спорт министрлігінің үкіметке жасаған ұсынысы қолдау тауып, ай сайынғы қамсыздандыру көлемі 100 АЕК-ке дейін (318 000 теңге) өсті.
Төрт жылдықтың дүбірлі додасының жеңімпаздары өз кезегінде бұл жаңалық спортшыларға үлкен қолдау екенін алға тартты.
«Депутат лауазымында жүргенде бұл сауалды мен де қаншама мәрте көтердім. Бірақ, біз осы жылға дейін ешқандай жауап ала алмадық. Енді міне, Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен Олимпиада ойындарының жүлдегерлеріне ай сайынғы қамсыздандыру көлемін 100 АЕК-ке дейін көтеруде. Бұл дегеніміз спортшылар үшін үлкен қолдау. Спортшылардың еңбегін бағалап жатқандары үшін үкіметке алғыс білдіреміз.»-деді Олимпиада чемпионы Ольга Шишигина.
Бұл өзгерістер тек спортшыларды ғана емес олардың бапкерлеріне де қатысты. Яғни, Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін және олимпиадалық спорт түрлері бойынша Әлем чемпионадарын тәрбиелеген бапкерлері де өмір бойы алатын ай сайынғы қамсыздандыруға құжаттар тапсыра алады.
«Олимпиада ойындарында, әлем чемпионаттарында көк байрағымызды көтеріп жүрген спортшыларымыздың ай сайынғы материалдық қамсыздандыру енді 4 есеге өседі деген жаңалықты естіп, қуанып жатырмыз. Бұл шешімі табылмай келе жатқан мәселелердің бірі еді. Енді жас спортшыларымызға бұл үлкен жігер береді. Бапкерлерге де үлкен қолдау.»- деп атап өтті бокстан Сидней Олимпиадасының жеңімпазы Ермахан Ибраимов.
Атап өту керек, аталған төлемді алу үшін спортшылар мен бапкерлердің спорт саласында жиырма жылдық еңбек өтілі болуы тиіс.