«Ақжайық» допты хоккей клубы жаңа маусымға дайындалып жатыр
Допты хоккейден Ресей жоғары лигасында өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» жаңа маусымға дайындық үстінде.
«Ақжайық» спорт клубының директоры Дамир Қалақовтың айтуынша, жуырда допты хоккейшілер Түркияға оқу-жаттығу жиынына барып келді.
«Командада әзірге жергілікті ойыншылар өз шеберліктерін шыңдауда. Желтоқсан айына таман Орынборға барып, дайындықты ұштай түсеміз. Сонда клубқа екі-үш легионер аламыз ба деген ойдамыз», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Д.Қалақов.
«Ақжайықты» бұрынғыша оралдық маман Николай Шавалдин жаттықтырса, команда капитаны Максим Өтебалиев Швеция чемпионатына ауысты.
1976 жылы құрылған батысқазақстандық команда қазіргі таңда Қазақстандағы жалғыз кәсіби клуб болып есептеледі.
«Ақжайық» 2022-2023 жылғы маусымда 3-топта «Маяк» (Краснотурьинск), «СКА-Свердловск» (Екатеринбург), «Никельщик» (Верхний Уфалей), «Знамя-Удмуртия» (Воткинск), «Локомотив» (Орынбор) командаларымен бірге өнер көрсетеді.
Н.Шавалдиннің шәкірттері беташар ойындарын 16-17 желтоқсанда Орынборда жергілікті «Локомотивпен» өткізеді. Ал 20-21 желтоқсанда Оралда «Знамя-Удмуртия» командасын қабылдайды.
Өткен маусымда «Ақжайық» өз тобында үшінші орынға ие болып, финалдық ойындарға жолдама алған еді. Содан кейін жоғары лига финалын жетінші орынмен аяқтады.
Дереккөз: inform.kz