"Әлем мықтылары бізде де бар": Бүгін - Халықаралық дзюдо күні

Дзюдо

28 қазанда бүкіл әлем жанкүйерлері Халықаралық дзюдл күнін атап өтеді. 2011 жылы Халықаралық дзюдо федерациясы осы атаулы датаны қолға алған болатын. Бұл күннің таңдалуы да бекерден емес. Себебі, 28 қазанда Кодокан мектебінің негізін қалаушы, дзюдоның бастауында тұрған Дзигоро Кано дүниеге келген. Әлемдік дзюдо күнін атап өтіп жатқандар қатарында қазақстандық спортшылар мен жанкүйерлер де бар. Осы мерейлі датада біз дзюдо тарихына үңіліп, отандық татами шеберлерінің жетістіктеріне тоқталуды жөн көрдік. 

Жапон жерінде тамырын жайған дзюдо бүгінде барша әлем сүйіп көретін спорт түріне айналды. Жекпе-жек түрлерінің ішіндегі ең бекзат өнерге қызығушылар саны күн санап артып келеді.   Дзигоро Кано "дзюдо" терминін "сұлулыққа апарар жол" деп атаған. Бүгінде Каноның бұл пікірін бүкіл әлем мойындады.Тіпті, дзюдоны футболдан кейінгі орынға қоятындар да аз емес. Аталған спорт түрімен бір ғана Жапонияда 8 миллион адам айналысса, әлемде 20 миллионға жуық адам шұғылданады. 

Дзюдо алғаш рет 1964 жылғы Токио Олимпиадасының бағдарламасына енді. Содан бері сұлулықты, ептілікті, шеберлікті талап ететін спорт түріне ешқандай қауіп төнген емес. Алғашқы әлем чемпионаты 1956 жылы ұйымдастырылып, 21 мемлекеттен небары 31 спортшы қатысқан екен. Ал қазан айында Ташкентте өткен соңғы әлем чемпионатында бес құрлықтағы 81 мемлекеттен келген 571 спортшы бақ сынады. Міне, осы сандардың өзі дзюдоның мәртебесін көрсететіні анық. 

Қазақстанда дзюдо 70-жылдардың аяқ тұсында жақсы қарқын алды. Отандық спортшылар одақтық, құрлықтық және халықаралық турнирлерде табысқа кенеле бастады. Ал егемендік алған соң, елімізде дзюдоның екінші тынысы ашылғандай болды. Себебі, спортшыларымыз дербес елдің намысын қорғау үшін аянып қалмай, көптеген жаңа есімдер жарқ еткен еді. Қазақстандық дзюдошылар алғаш рет 1993 жылы Макаода өткен әлем біріншілігіне қатысып, командалық есепте жапондарға ғана жол берді. 1994 жылы Хиросимада өткен Азия ойындарында біздің спортшылар бес медаль жеңіп алды. Сол кезде жеңіс тұғырынан көрінгендер қатарында қазіргі табысты жаттықтырушылардың бірі Ибрагим Вешагуров та бар.  Ал 1998 жылы Бангкокте өткен жазғы Азиадада қазақстандықтар алты медаль жеңіп алды. Олардың қатарында ұлттық құраманың қазіргі бас бапкері Нұрбол Сүлейменов те бар. Сүлейменов сол сында қолаға қол жеткізген. 

2002 жылы Пусанда және 2006 жылы Дохада өткен Азия ойындарында команданың болашақ жұлдыздары Асхат Житкеев пен Максим Раков көзге түскен болатын. Екі спортшымызға да Азиадада алтын бұйырған жоқ. Десе де, олар Қазақстандағы дзюдоның жаңа парағын ашқан айтулы тұлғалар еді. 2001 жылы Қазақстан тәуелсіздік алғалы алғаш рет әлем чемпионатынан жүлдеге қол созды. Мюнхенде өткен жержүзілік жарыста Асхат Шахаров пен Асхат Житкеев қола жүлдегер атанған болатын. Житкеевтің бұл жетістігі араға жылдар салып Бейжің Олимпиадасында жалғасты. Ол егемен еліміздің тарихында алғаш рет Олимпиада ойындарынан жүлде алған қазақ дзюдошысы ретінде тарихта қалды. Житкеев Бейжің Олимпиадасында финалға дейін жетіп, күміс медаль жеңіп алған тұңғыш балуанымыз. 

Бүгінде дзюдо спорты бойынша әлем чемпионы атанған екі қазақстандық спортшы бар. Олар -  Максим Раков пен Елдос Сметов. Максим 2009 жылы Нидерландыда өткен әлем чемпионатының финалында татами иесі Хенк Кролды таза жеңіп, Қазақстаннан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанды. 2011 жылы Парижде өткен әлем біріншілігінде күмісті қанағат тұтты. Әлемдік және құрлықтық жарыстарда атой салған Раковқа тек қана Олимпиада жүлдесі бұйырған жоқ.

Максимнің ізін жалғап, чемпиондық атаққа қол жеткізген даңқты балуанымыз - Елдос Сметов. Елдосты бүгінде қазақ дзюдосының аңызы деп атауға толық негіз бар. 12 жылдан бері еліміздің абыройын арқалап келе жатқан ол 2014 жылы Азия ойындарында, 2015 жылы Астанада өткен әлем чемпионатында топ жарды. 2016 жылы Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері атанса, 2020 жылғы Токио Олимпиадасының қола медалін еншіледі. Сондай-ақ, 2016 жылы Азия чемпионы атанып, 2019 және 2022 жылы өткен әлем біріншіліктерінде қола жүлдеге қол созды. Әзірге, өзі қатысқан жарыстардың бәрінен жүлде алып, тұрақты түрде әлем үздіктерінің қатарына енген Елдостай балуан біздің елімізде туған жоқ. Бүгінде Сметовті әлем спортының жұлдыздары шын құрметтеп, үлгі тұтады. 

Қазақстан дзюдосының тарихына көз жүгіртсек, әлем чемпионаттарында жүлде алған бірнеше балуанды байқауға болады. Азамат Мұқанов 2013 жылы, Ерлан Серікжанов 2018 жылы, Ғұсман Қырғызбаев 2021 жылы әлем чемпионаттарының күміс жүлдегері атанған. Өз салмақтарында әлем мықтыларымен тайталасқан бұл батырлар отандық дзюдо тарихында мәңгілікке қалары сөзсіз. 

Айтпақшы, дзюдо туралы айтқанда біз Айдын Смағұловты көп ескермейміз. Асылында, қазақ жігіттері арасынан Олимпиаданың алғашқы жүлдесін алған тап осы Смағұлов болатын. Бірақ жүлде ресми түрде Қырғызстан еншісіне жазылған соң, көпшілік бұл деректі біле бермейді. Ұлттық құраманы бірнеше жыл жаттықтырған Айдын Смағұлов, Ермек Иманбеков сынды тұлғалардың отандық спортқа сіңірген еңбегі ұмытылмайды. 

Сөз соңында отандық дзюдо жанкүйерлерін төл мерекемен тағы да құттықтаймыз!