Дэвис кубогы: Бублик Таиландпен өтетін ойынға қатыспайды

Дэвис кубогы: Бублик Таиландпен өтетін ойынға қатыспайды
Теннис

ҚТФ

Теннистен Қазақстан ерлер құрамасы Таиландпен өтетін Дэвис кубогының екінші әлемдік тобы аясындағы матчқа қатысатын ойыншылар тізімін жариялады, деп хабарлайды Bassport.kz. 

Кездесу 18-19 қыркүйек күндері Астанада өтеді. Матчтар елордадағы Ұлттық теннис орталығының «Beeline Arena» хард корттарында ұйымдастырылады.

Екі күнге созылатын бәсекеде барлығы бес кездесу – төрт жекелей және бір жұптық матч өтеді.

Қазақстан сапында бес теннисші өнер көрсетеді: Александр Шевченко; Денис Евсеев; Тимофей Скатов; Бейбіт Жұқаев; Әмір Омарханов.

Құрама капитаны – Диас Досқараев.

Ал Таиланд құрамасының сапына Pawit Sornlaksup, Thanapet Chanta, Maximus Parapol Jones, Kasidit Samrej және Pruchya Isaro енді. Команда капитаны – Thanakorn Srichaphan. Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик бұл жолы ұлттық құрама сапында өнер көрсетпейді.

Қазақстан – Таиланд кездесуі 18-19 қыркүйекте өтеді. 18 қыркүйекте екі жекелей матч ойналады. Ойын күні Астана уақытымен сағат 13:00-де басталады. 19 қыркүйекте алдымен жұптық кездесу өтіп, одан кейін тағы екі жекелей матч ұйымдастырылады. Екінші ойын күнінің басталуы – сағат 12:00. Қарсыластықтың жеңімпазы 2027 жылғы Дэвис кубогының Бірінші әлемдік тобының плей-офф кезеңіне жолдама алады. Қазіргі Дэвис кубогы рейтингінде Қазақстан құрамасы 42-орында тұр. Таиланд құрамасы 60-сатыға орналасқан.