«Шахтер» командасы мерзімінен бұрын ҚПЛ-ға жолдама алды
«Шахтер» футбол клубы
Қарағандылық «Шахтер» футбол клубы Бірінші лиганың 20-турындағы маңызды жеңісінен кейін 55 ұпай жинап, мерзімінен бұрын Қазақстан Премьер-лигасына (ҚПЛ) ресми түрде қайта оралды, деп хабарлайды Bassport.kz Informsports.kz-ке сілтеме жасап.
Бүгінгі өткен ойында «Шахтер» командасы «Елімай-2» командасын сырт алаңда 0:3 есебімен жеңді. Кездесудің 37-минутында Андрей Ульшин гол салып көзге түссе, бірінші тайм аяқталар тұста Н.Қағазбаев есепті еселеді. Ал, матчтың 70-минутында ойынның нүктесін Бірінші лиганың сұрмергені Артем Литош қойды.
Осылайша «Кеншілер» маусымның аяқталуына бірнеше тур қалғанда өздерінің басты мақсатына қол жеткізіп, элиталық дивизиондағы орнын қайтарып алды.
Клуб басшылығы мен жанкүйерлер бұл тарихи сәтті зор қуанышпен атап өтуде.
Бұл тарихи оралу Қарағанды футболының жаңа дәуірін бастап бермек. Енді клуб басшылығы алдағы уақытта ҚПЛ-де тек қана жоғары орындар мен еурокубок жолдамалары үшін таласа алатын бәсекеге қабілетті ұжым жасақтау жұмыстарына кіріседі.