Семсерлесуден әлем чемпионаты: Екі спортшымыз жүлдеге қол созым жерден тоқтады
Басқа
Египеттің Каир қаласында семсерлесуден кезекті әлем біріншілігі аяқталды. 15-23 шілде аралығында өткен жер жүзілік жарысқа әлемнің 43 мемлекетінен 667 спортшы қатысты. Олардың қатарында қазақстандық нояндар да бар, деп жазады Bassport.kz.
Семсерлесуден әлем чемпионатында 12 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Алты медаль командалық жарыста, алты медаль қарудың үш түрінен (рапира, сабля, шпага) жекелей сында үлестірілген. Бұл бәсекеде Қазақстан құрамасы сапынан екі спортшы алғашқы сегіздікке енді, ал топтық сында сабляшы қыздар 12-орынды қанағат тұтты.
Жалпы, семсерлесуден Қазақстан командасы шпагадан жүлдеге үмітті еді. Өйткені, әлемдік рейтингте 10-орында тұрған Руслан Курбанов пен тәжірибесі мол, талай сында шыңдалған Эльмир Алимжановтың жеңіс тұғырынан көрінетін мүмкіндігі де, әлеуеті де бар еді. Тап осы екі спортшымыз командадағы 16 ноян ішінен оза шапты. Бірақ медальға бір қадам қалғанда бірі болашақ чемпионға, екіншісі қола жүлдегерге жол берді.
Эльмир Алимжанов ширек финалға дейін талай мықтыны жарыс жолынан шығарды. 1/32 айналымда чехиялық Михал Чупрды (15:9), 1/16 айналымда морокколық Хусам Эль-Кордты (15:12), 1/8 айналымда 2019 жылғы әлем чемпионы, венгриялық Гергей Шиклошиді 15:9 есебімен ұтты.
Әлем чемпионын жеңген соң Эльмир келесі қарсыласы, бельгиялық Лоело Нейсерді оңай ұтады деп ойлаған едік. Бірақ Алимжанов бүкіл спорттық мансабында мақсат еткен әлем біріншілігінің жүлдесі бұл жолы да қолдан сусып кетті. Ол бельгиялық қарсыласына 8:15 есебімен жол берді.
«2011 жылы да жүлдеге қол созым жерде қалып, 8-орынға тұрақтаған едім. Бұл жолы бір саты алға жылжып, 200-ден аса спортшының арасынан суырылып шықсам да, нәтижеме көңілім толмайды. Өйткені, дәл осы көрсеткіште тұрып қалдым, өкінішті. Әлем чемпионаты біз үшін жылдың соңғы турнирі. Каирдегі дода келесі жылғы турнир алдындағы үлкен дайындық іспетті. Себебі, 2023 жылғы әлем чемпионатында Париж Олимпиадасына іріктеу өтеді. Биылғы жарысқа үлкен дайындықпен келдік, бірақ ең маңызды кездесулерге техникалық тұрғыдан дайын болмадық. Командада не дәрігер, не массажшы болмады. Спортшылар саны азайып, жүлде жақындаған сайын, кездесу арасындағы демалатын уақыт та қысқарады. Дәл осы сәтте толық күш жинап үлгермедім. Әлем чемпионы Шиклошиді, рейтингте жоғары тұрған Эль-Кордты жеңіп,жаттығу жиынында үнемі ұтып жүретін бельгиялық Нейсерден жеңілгенім өкінішті», - дейді турнирді жетінші орынмен аяқтаған Алимжанов.
Руслан Курбановтың да ширек финалға дейінгі кездесулері оңай өткен жоқ. Ол аса тартысты сында болашақ чемпион, франциялық Канон Рамонға 13-15 есебімен жол берді. Турнир барысында германиялық Лукас Бельманды (15:12), қытайлық Минхао Ланды (15:14), испаниялық Жерар Гонелді (15:8) жеңіп, өзінің әлемдік рейтингтегі үздіктер қатарында екенін тағы бір дәлелдеді. Курбановтың әлем чемпионатындағы қорытындысы көрсеткіші – 6-орын.
Қазақстан командасының Каирде көрсеткен өзге нәтижелері төмендегідей:
Артем Саркисян (сабля) – 29-орын, Вадим Шарлаимов (шпага) – 56-орын, Әйгерім Сарыбай (сабля) – 61- орын, Саттархан Назарбай (сабля) – 70-орын, Дмитрий Алексанин (шпага) – 77-орын, Жанат Нәбиев (сабля) – 78-орын, Карина Доспай (сабля) – 85-орын, Татьяна Приходько (сабля) – 87-орын, Софья Николайчук (шпага) – 87-орын, Анастасия Гулик (сабля) – 90-орын, Рахманәлі Мұхамедәлі (сабля) – 99-орын.
Каирдегі әлем біріншілігіне 43 елден спортшылар қатысса да, бұл сындағы алтын медальды бес мемлекеттің өкілдері өзара бөліп алды. Франция төрт, Оңтүстік Корея үш, Венгрия мен Италия екі, Жапония құрамасы бір алтын иеленген.