«Ордабасы» Семейде жеңіске жетіп, көш басындағы орнын нығайтты
Фото: «Елімай» ФК
Қазақстан Премьер-лигасының 13-туры аясында семейлік «Елімай» өз алаңында шымкенттік «Ордабасыны» қабылдады, деп хабарлайды Bassport.kz Sports.kz сайтына сілтеме жасап.
Семейдегі «Спартак» стадионында өткен кездесуде қос команда да шабуылға ден қойып, алғашқы минуттардан-ақ қауіпті сәттер ұйымдастырды. Бірінші таймның соңына қарай қонақтар сапынан Лео Натель айып добын шебер орындап, есеп ашты. Үзілістен кейін алаң иелері таразы басын теңестіруге жақын болды. Фессу Плакка соққан гол жанкүйерлерді қуантқанымен, VAR жүйесінің қарауынан кейін ол есепке алынбады.
Осы сәттен кейін ойын тізгінін толық өз қолына алған шымкенттік клуб Давид Абагнаның дәл соққысының арқасында басымдығын арттырды. Матчтың соңғы минуттарында Евгений Березкин бір голмен жауап бергенімен, араға екі минут салып Жасұлан Әмір «Ордабасының» үшінші голын соғып, кездесудің нүктесін қойды.
Осылайша, шымкенттік ұжым сырт алаңда 3:1 есебімен жеңіске жетіп, турнирлік кестедегі көшбасшылығын сақтап қалды. Қазір «Ордабасының» еншісінде 31 ұпай бар. Команда екінші орында тұрған «Қайраттан» төрт ұпайға алда келеді және қорында бір ойыны бар. Ал 20 ұпай жинаған «Елімай» үздік бестік қатарынан шығып қалды.
Қазақстан Премьер-лигасы.
13-тур
«Елімай» – «Ордабасы» 1:3 (0:1)
Голдар: Лео Натель, 36 (0:1), Давид Абагна, 68 (0:2), Евгений Березкин, 83 (1:2), Жасұлан Әмір, 85 (1:3).