Сыйымдылығы - 45 мың: Алматыда жаңа стадионның құрылысы басталды
Алматы қаласының әкімдігі
Алматы қаласында салынып жатқан жаңа футбол стадионының сыйымдылығы бұрын жоспарланған 35 мың орыннан 45 мың орынға дейін ұлғайтылды. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім болды, деп хабарлайды Bassport.kz Informsports.kz-ке сілтеме жасап.
Жаңа стадион Құлжа тас жолы мен Талғар тас жолының бойында орналасады. Жобаға бөлінген жер аумағы шамамен 32 гектарды құрайды.
Стадион UEFA-ның 4-санат талаптарына сай салынады. Бұл халықаралық деңгейдегі футбол матчтары мен ірі спорттық іс-шараларды өткізуге мүмкіндік береді.
Жоба аясында: негізгі футбол аренасы; жаттығу алаңдары; спортшылар мен командаларға арналған заманауи ғимараттар; жанкүйерлерге арналған аймақтар; қауіпсіздік жүйелері; стадион маңын абаттандыру жұмыстары жүзеге асырылады. Сонымен қатар көрермендердің қатынауын жеңілдету үшін жол инфрақұрылымы да дамытылып, көлік қозғалысын тиімді ұйымдастыру көзделген. Құрылысты аяқтау мерзімі – 2028 жылдың наурыз айы. Бұл жоба Алматының спорттық инфрақұрылымын дамытуға серпін беріп, қаланың халықаралық спорт жарыстарын қабылдау мүмкіндігін арттырады.
Сонымен бірге, 45 мың орындық жаңа арена пайдалануға берілгеннен кейін Қазақстандағы ең ірі футбол стадиондарының біріне айналады.