"Оқжетпес" Ақмола аграрийлері есебінен қаржыландырылады
Ақмола аграрийлері "Оқжетпесті" толық қаржыландыратын болды, деп хабарлайды BasSport.kz тілшісі.
Көкшетаулық "Оқжетпес" футбол клубы басқарудың жаңа моделіне көшеді. Енді клубты Ақмола облысы ауыл шаруашылығы өндірушілері құрған қоғамдық қор өз қамқорлығына алады.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ірі бизнес өкілдерін отандық футбол клубтарын қолдауға шақырған еді. Оның нәтижесінде "Ордабасы", "Шахтер", "Жеңіс", "Ақтөбе", "Қызылжар" мен "Қайсар" жеке сектордан қолдау ала бастады.
Ақмола облысында бұл бастама жаңа форматта жүзеге асырылмақ. Өңірдің аграрийлері бірігіп арнайы қоғамдық қор құрды. Ал жаңа жобаның ресми түрде басталуына облыс әкімі Марат Ахметжанов қолдау білдірді.
Осылайша, "Оқжетпес" бюджет есебінен қаржыландырылуы қысқартылған Қазақстан Премьер-Лигасындағы жетінші клуб атанды. Клуб қазіргі таңда қымбат легионерлерді команда сапына шақырудан гөрі, тұрақты әрі жүйелі даму стратегиясына басымдық бермек.