“Квадтар королі” Илья Малинин әлем рекордын жаңартты

“Квадтар королі” Илья Малинин әлем рекордын жаңартты
Қысқы спорт

Getty Images

Мәнерлеп сырғанаудан екі дүркін әлем чемпионы Илья Малинин әлем рекордын жаңартты, деп хабарлайды BasSport.kz тілшісі. 

Америкалық мәнерлеп сырғанаушы Канаданың Саскатун қаласында өткен Гран-При жарысының үшінші кезеңінде жеңімпаз атанды. 

Қысқа бағдарламадан кейін көш бастап тұрған 20 жастағы спортшы еркін бағдарламасында бес ультра-си элементін таза орындады. Осылайша, ол еркін бағдарламасы үшін төрешілерден 228.97 ұпай алды. Бұл - жаңа әлемдік рекорд. Ол өзі орнатқан рекордын өзі жаңартты. 2024 жылғы әлем чемпионатында Малинин еркін бағдарламасы үшін 227.79 ұпай еншілеген еді. 

Қос бағдарлама қорытындысында Илья Малинин 333.81 ұпай алды. 

Америкалық спортшы Анжеде өткен Гран-Придің бірінші кезеңінде де жеңіске жеткен болатын. Осылайша, ол Гран-При финалында бақ сынауға жолдама алды.