Экс-промоутер: Головкиннің қаһарынан қарсыластары қашатын

Экс-промоутер: Головкиннің қаһарынан қарсыластары қашатын
Бокс

ntv.ru

Флойд Мэйвезердің бұрынғы промоутері, қазір Джервонта Дэвиспен жұмыс істейтін Леонард Эллерби қазақстандық Геннадий Головкинді ең қауіпті боксшылардың бірі деп атап, оның қарсыластарына қалай үрей тудырғанын еске алды, деп хабарлайды Bassport.kz Sports.kz сайтына сілтеме жасап. 

Эллерби Х әлеуметтік желісінде:


«GGG бабында болған кезде көпшілік онымен рингке шығудан қорқатын. Ол қарсыластың бетін талқандайтындай мықты еді», – деп жазды.

Boxingscene журналисі Райан Сонгалия да бұл ойды құптап, әріптесінің сөзіне тұздық болды:

«Боксшылар жеңілістен емес, денсаулыққа қауіп тудырамын ба деп қорқатын. Себебі Геннадий қарсыластарына шынымен ауыр соққы жасайтын», – деді.

Головкиннің бұрынғы промоутері Том Лёффлер де өз естелігімен бөлісті:

«Біз қарсыластарға мансаптарындағы ең үлкен сыйақы мен бірнеше чемпиондық белбеуді ұсындық. Соған қарамастан көпшілігі рингке шығудан бас тартты. Бұл – 2011–2016 жылдардағы кезеңде Генаның ең қауіпті боксшылардың бірі болғанына берілген үлкен баға», – деді ол.

Айта кетсек, Геннадий Головкин соңғы рет 2022 жылы жекпе-жек өткізген. Қазір ол Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитетінің президенті және World Boxing ұйымының олимпиадалық комиссиясының төрағасы қызметін атқарады.