Аида Әбікеева 1/8 финалға жолдама алды

KBF
Қазақстандық боксшы Аида Әбікеева (65 кг) Ливерпульде өтіп жатқан бокстан 2025 жылғы әлем чемпионатында сәтті өнер көрсетіп, 1/8 финалға шықты
Турнирдегі алғашқы жекпе-жегін венгриялық Луци Хамориға қарсы өткізген Әбікеева кездесуді сәтті аяқтады. Алғашқы раундта төрешілер жеңісті қарсыласына бергенімен, екінші раундта Аида қарқынын күшейтіп, бірнеше рет шешуші соққылар жасады. Бұл кезеңде Хамори жекпе-жектен қашқақтағаны үшін төреші ескерту жасап, бір ұпайын шегерді. Үшінші раундқа спортшылар 19:18 есебімен шығып, ұпай отандасымыздың пайдасына шешілді.
Нәтижесінде, Әбікеева таза жеңіске жетіп, келесі кезеңге жолдама алды. Енді ол алдағы айналымда Оңтүстік Корея өкілі Канг Сукёнмен күш сынасады.
Айта кетейік, Сукён өзінің алғашқы кездесуінде бразилиялық Беатрис Соарестен 3:2 есебімен басым түскен болатын. Әбікеева мен Сукён арасындағы тартысты жекпе-жек 8 қыркүйек күні кешкі сессияда өтеді.