«Челси» Дастан Сатпаевтің трансферін жеделдетуі мүмкін

Azattyq Ruhy
Лондондық «Челси» футбол клубы Алматының «Қайратынан» шыққан 16 жастағы шабуылшы, Қазақстан жастар құрамасының ойыншысы Дастан Сатпаевтың Англияға ауысуын ерте жүзеге асыруы ықтимал. Бұл туралы Bassport.kz порталы TheChelseaChronicle басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Британдық БАҚ Сатпаевтың УЕФА Жасөспірімдер лигасындағы сәтті өнеріне тоқталып, жас ойыншының негізгі құрамға сіңісу мүмкіндігін атап өтті. Басылым мәліметінше, Сатпаев келесі жазды күтпей-ақ, Ұлыбританиядан еңбек етуге рұқсат алған жағдайда, «Челси» сапына ертерек қосылуы мүмкін.
«Қазірдің өзінде Эстеван Уиллиан мен Андрей Сантос сынды таланттар толық маусым өткізуде. «Челси» Дастан Сатпаевты келесі жұлдыз ретінде қарастырып отыр. Клубтың оған жеке бапкер бөлуі – сенімнің көрсеткіші», – деп жазады ағылшын порталы.
Айта кетейік, биылғы маусымда Сатпаев УЕФА Жасөспірімдер лигасының екінші іріктеу кезеңінде Финляндияның КуПС клубына қарсы қарымта матчта есепті ашып, «Қайраттың» 3:0 есебімен жеңіске жетуіне зор үлес қосты. Бұл нәтижемен алматылық клуб келесі кезеңге жолдама алған болатын.
2025 жылдың ақпан айында «Қайрат» пен «Челси» Дастан Сатпаевтың трансфері бойынша ресми келісімге келген еді. Қазіргі ережеге сәйкес, футболшы 2026 жылдың жазында, яғни 18 жасқа толған соң ғана толыққанды ауысуы керек. Алайда, егер Сатпаев Ұлыбританиядан еңбек визасын ертерек алса, келісім мерзімі де қысқаруы мүмкін.
Осы уақытқа дейін Дастан «Қайрат» сапында ойнауын жалғастырады. Сонымен қатар, оған «Челси» клубы жеке жаттықтырушы тағайындап, арнайы дайындық бағдарламасы бойынша жұмыс істеп келеді.