Мәдениет және спорт министрлігінде жаңа вице-министр тағайындалды

Үкімет
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің туризм және спорт саласындағы цифрландыру бойынша жаңа вице-министрі болып Бауыржан Рапиков тағайындалды. Бұл туралы Bassport.kz хабарлайды.
Бауыржан Рапиков 1986 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті мен «Тұран-Астана» университетінің түлегі.
Еңбек жолын 2008 жылы Алматы қаласында «Алпроф» ЖШС-де программист ретінде бастаған. 2009 жылдан бастап «Қазгидромет» РМК-де ақпараттық технологиялар департаментінің директоры қызметіне дейін түрлі лауазымдарды атқарған.
2012 жылы «Мемжеркадастр» ақпараттық жүйесі жобасы бойынша бас маман, кейін басқарма басшысы қызметін атқарды. 2013 жылдан бастап бірнеше жеке компанияларда жұмыс істеген.
2015 жылы Қарағанды облысындағы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы болды. 2017 жылы «Самұрық-Қазына» корпоративтік университетінде аға IT-менеджер, ал 2018 жылы қайтадан «Қазгидромет» мекемесінде IT департаментінің директоры қызметін атқарған.
2020 жылдан бастап Ақмола облысындағы «Smart Aqmola» КММ жетекшісі болды. 2022 жылдан бастап осы облыстың цифрландыру және архивтер басқармасын басқарды.
2024 жылдың сәуір айынан бастап ҚР Туризм және спорт министрлігінің Цифрлық трансформация және мемлекеттік қызметтерді дамыту департаментінің директоры қызметін атқарып келді.
Енді жаңа вице-министр туризм және спорт саласындағы цифрлық технологияларды дамытуға жауапты болады.