Қазақ боксшысы WBC рейтингінде ТОП-15 қатарына енді

World Boxing Council
Бүкіләлемдік бокс кеңесі (WBC) барлық салмақ дәрежелері бойынша жаңартылған рейтингін жариялады. Бұл тізімде бірқатар қазақстандық былғары қолғап шеберлері де орын алғанын Bassport.kz хабарлайды.
Екінші орта салмақта ел намысын қорғайтын Бек Нұрмағанбет төрт сатыға жоғарылап, 15-орынға тұрақтады. Осылайша ол алғаш рет үздік он бестікке еніп отыр.
Сол салмақта өнер көрсететін Али Ахмедов бір орынға төмендеп, 29-сатыда тұр.
Орта салмақта Мейірім Нұрсұлтанов көш бастап тұр. Ол чемпиондық белбеудің басты үміткері ретінде танылып отыр. Бұл дивизионда қазір WBC чемпионы атағы доминикандық Карлос Адамеске тиесілі.
Басқа қазақстандықтардың рейтингтегі жағдайы мынадай:
• Супер ауыр салмақ: Иван Дычко – 34-орын (екі сатыға төмендеді)
• Бірінші орта салмақ: Садриддин Ахмедов – 33-орын (бір орын төмен)
• Жартылай орта салмақ: Данияр Елеусінов – 30-орын (өз орнын сақтап қалды)
• Бірінші жартылай орта салмақ: Батыр Жүкембаев – 32-орын (үш саты төмендеді)
• Екінші жартылай жеңіл салмақ: Сұлтан Заурбек – 18-орын (екі орынға төмен)
Бұл рейтинг қазақ боксшыларының әлемдік аренадағы белсенділігін тағы бір дәлелдеп отыр. Бек Нұрмағанбет пен Мейірім Нұрсұлтанов сынды боксшылар чемпиондық жекпе-жектерге қатыса алады деген үміт бар.