Әлем чемпионы Сабыржан Аққалықов туған қаласында жаттығуға мүмкіндік таппай жүр

Әлем чемпионы Сабыржан Аққалықов туған қаласында жаттығуға мүмкіндік таппай жүр
Бокс

olympic.kz

Бокстан жастар арасында әлем чемпионы, Әлем кубогының кезең жеңімпазы Сабыржан Аққалықов туған жері Шахтинск қаласында жаттығуға зал таппай жүргенін мәлімдеді. Бұл туралы Bassport.kz Ekaraganda.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Спортшының айтуынша, ол бұрын жаттығып жүрген «Тентек» спорт кешеніне кіре алмайды. Жергілікті билік пен зал әкімшілігі оған және оның бапкеріне жаттығу өткізуге кедергі келтіріп отыр.

— «Кейде бір сағаттық жаттығу үшін 1000 теңге төлеймін. Бірақ бізге уақыт шектеулі, содан кейін қуып шығады. Қазақстанның кез келген қаласында мені залға қуана кіргізеді, суретке де түседі. Ал өз қаламда, біз чемпион атанған жерде, жаттығуға мүмкіндік жоқ», — деді Сабыржан.

Оның айтуынша, залда бокстан бұрын каратэ мен брейк-данс үйірмелеріне басымдық беріліп отыр. Боксшыларға жаттығуға арнайы уақыт пен жағдай қарастырылмаған.

— «Плакаттарда “Біздің чемпион” деп жазып қояды. Бірақ залға кіргіміз келсе, “бос орын жоқ, басқа секциялар бар” дейді. Бұл бокс залы емес пе?», — деп ашынады спортшы.

Сабыржан бұрын да жаттығу жағдайын жақсарту туралы мәселе көтергенін айтады. Әлем чемпионы атанғаннан кейін қала әкімдігімен кездесіп, залда душ орнатуды сұраған. Бірақ уәде берілгенімен, бұл мәселе де шешілмеген.

— «Әкімшілікке барып, спортқа қолдау көрсетуді сұрадық. Душ керек деп едік, “жасаймыз” деді. Бірақ кейін ДЮЦ директоры рұқсат бермей, бұл мәселе аяқсыз қалды», — деді Сабыржан.

Спортшының айтуынша, ол жақында өз өмір жолы туралы деректі фильм түсіргісі келген. Алайда ол үшін бұрынғы залға да кіре алмаған. Бұл жағдай оның көңілін қатты түсірген.

— «Біз шыққан залға түсірілім үшін де кіргізбеді. Әр жолы осындай қарым-қатынасты көрген сайын, ол жерге барғым келмейді», — деді боксшы.

Қазіргі таңда Сабыржан Шахтинсктен Қарағандыға барып, Нұркен Әбдіров атындағы спорт сарайы мен спорт интернатында жаттығып жүр. Дегенмен, ол туған қаласында жаттығуға жағдай жасалатын күн туатынына әлі де үміттенеді.