Айбек Оралбайдың жеңісі дау туғызды: Италия құрамасының бапкері төрешілер шешімімен келіспейді

olympic.kz
Астанада өтіп жатқан World Boxing әлем кубогының ширек финалында Қазақстан құрамасының капитаны Айбек Оралбай мен италиялық Диего Ленци арасындағы жекпе-жек үлкен дау тудырды. Бұл кездесудің нәтижесіне қатысты Италия құрамасының бас бапкері Джованни Де Каролис өз наразылығын білдірді, деп хабарлайды Bassport.kz.
– Мен әдетте төрешілер шешіміне қарсы шықпаймын, бірақ бүгін келісе алмаймын. Біз Қазақстан жерінде, олардың боксшысымен жұдырықтастық, бірақ бүгін Диего мықтырақ болды, – деді ол.
Де Каролис жекпе-жектің әр кезеңін жіті талдап, бірінші раундта соққылар екі жақтан тең түскенін, бірақ нәтижесінде олардың ұпай саны 0:5 болғанын айтып, таңданысын жасырмады. Оның пікірінше, екінші раундта Диего басымдыққа ие болып, ауыр соққыларымен қарсыласын есеңгіреткен. Ал соңғы раундта италиялық боксшы белсенділігін арттырып, Айбек Оралбайды қыспаққа алғанымен, төрешілер шешімі жергілікті спортшының пайдасына шықты.
– Үшінші раундта Диего қарсыласын қатты қысымға алды, оның соққыларынан кейін қазақстандық боксшы әлсіреп, тіпті мұрнынан қан кетті. Айбекке бастан ұру үшін ресми ескерту берілді, алайда көп ұзамай дәл сондай ескерту Диегоға да берілді. Бұл әділетсіз көрінді. Біздің боксшы бұған наразы болды, бірақ төреші есептеп, жекпе-жек тоқтады. Қорытындысында қабылданған бөлек шешім біз үшін әділетсіз болды. Диего лайықты өнер көрсетті, жеңісті бізге беру керек еді, – деп пікір білдірді Де Каролис.
Бұл жағдай турнирде төрешілер шешімінің әділеттілігіне қатысты тағы бір талқылауға себеп болды. Айта кетейік, Айбек Оралбай осы жеңістен кейін жартылай финалға жолдама алған болатын.