Қазақстан тағы бір финалистке ие болды: Виктория Графеева қарсыласын екі рет нокдаунға жіберді

NUR.KZ
Астанада өтіп жатқан бокстан World Boxing әлем кубогында қазақстандық Виктория Графеева жартылай финалдық жекпе-жегін сенімді жеңіспен аяқтап, финалға жолдама алды, деп хабарлайды Bassport.kz.
60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Графееваның қарсыласы Үндістан елінің өкілі Санджу болды. Жекпе-жек барысында қазақстандық боксшы толық басымдық танытып, қарсыласын екі рет нокдаунға түсірді. Төрешілер жекпе-жекті бірауыздан Викторияның жеңісімен аяқтады.
Осылайша, Графеева турнир финалына өтіп, алтын медаль үшін күресетін болды. Ал Санджу жарысты қола жүлдемен аяқтады.
Айта кетейік, Виктория Графеева — 2025 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Астанадағы турнирде ол бұған дейін жапондық Аяка Тагутимен және түрік спортшысы Гизем Озермен өткен кездесулерде де айқын жеңіске жеткен болатын.