Шавкат Рахмонов келесі жекпе-жекте UFC чемпионы атағына таласуы мүмкін

Шавкат Рахмонов келесі жекпе-жекте UFC чемпионы атағына таласуы мүмкін
Жекпе-жек

Әлеуметтік желі

Жартылай орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық ММА шебері Шавкат Рахмонов (19-0) UFC-дегі келесі кездесуінде чемпиондық белбеу үшін сынға түсуі ықтимал. Бұл туралы Bassport.kz хабарлайды.

30 жастағы “Номад” желтоқсан айында өтетін UFC 310 турнирінде америкалық Белал Мухаммадпен (24-4) чемпиондық белбеу үшін жұдырықтасуы тиіс еді. Алайда сол кездегі чемпионның жарақатына байланысты Рахмонов ирландиялық Иэн Гэрримен (16-1) кездесті.

Көптен күткен жекпе-жекте Шавкат тұңғыш рет барлық раунд бойы жұдырықтасып, төрешілер шешімімен жеңіске жетті.

Мұндай ауыр кездесуге қарамастан, сарапшылар Рахмоновтың келесі жекпе-жегі UFC чемпиондық атағы үшін өтетініне сенімді.

«Рахмонов - Делла Маддалена мен Махачев арасындағы кездесудің жеңімпазына қарсы шығатын келесі үміткер болуы мүмкін. Бірақ ол бұл тек титул үшін күрес емес, сонымен қатар өзінің жеңіліссіз рекордын да қорғау екенін түсінуі керек», — деп жазады Worldinsport.

Айта кетейік, UFC-дің жаңа чемпионы - австралиялық Джек Делла Маддалена (18-2). Ол алғашқы титул қорғауын Ислам Махачевке (27-1) қарсы өткізеді. Бұл жекпе-жектің нақты күні әзірге жарияланған жоқ.